Президент: Жоғары технологияларды пайдаланатын ел болу керек

Мемлекет басшысы елордадағы инновациялық экожүйе нысандарымен танысты.

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қасым-Жомарт Тоқаев Alem бағдарламалау мектебіне, Халықаралық Astana Hub IT-стартаптар технопаркіне және Astana IT University ақпараттық технологиялар университетіне барды. Бұл нысандардың бәрі «Астана ЭКСПО-2017″ ҰК» АҚ аумағында орналасқан.

Қазақстан Президенті Alem мектебінің оқыту бағдарламасымен танысты. Оқушылармен әңгімелесу барысында ол әлемде IT саласының өзектілігі мен сұранысқа ие екенін айтты.

Қазақстанның мақсаты — әлемдік үрдістен қалып қоймау. Ең бастысы, заман ағымымен жүріп отыруымыз керек, әйтпесе біз әлемдік даму үдерісінен сырт қаламыз. Біз жастарды осындай дағдыларға баулып, аталған салаға көп тартуымыз керек. Білім алуға ұмтылатын өте қабілетті жастарымыз жеткілікті, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оқушылар Мемлекет басшысына лекцияларды, баға қою әдісін және басқа да дәстүрлі білім беру элементтерін мұғалімсіз бағдарламалауды қалай үйрену керек екенін айтты.

Содан кейін Мемлекет басшысы Халықаралық Astana Нub IT-стартаптар технопаркіне барды. Қасым-Жомарт Тоқаевқа технопарк базасындағы матчмейкингке арналған киберспорт платформасы мен автоматтандырылған INUI Software сауда алаңы, Tastamat постаматтары, қызметкерлердің жұмысқа келіп-кетуін тіркейтін Clockster деп аталатын биометрия жүйесі және басқа да стартап-жобалар таныстырылды.

Тоқаев инновация нысандарын аралады
Фото: Аkorda.kz

Astana IT University ақпараттық технологиялар университетінде Мемлекет басшысына жоғары оқу орнының негізгі бағыттары туралы мәлімет беріліп, оқу кабинеттері мен зертханалары көрсетілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев студенттерді сапалы білім алып, еліміздің игілігі үшін  жұмыс істеуге үндеді.

Университет Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен ашылған. Білім беру тұрғысынан бұл университет беделді әрі білікті мамандар даярлайтын, беделді оқу орнына айналатынына ешқандай күмәнім жоқ. Неғұрлым жақсы білім алсаңыздар, мына қиын да алмағайып өмірден алар еншілеріңіз соғұрлым көп болады, — деді Президент.

Президент бүгін халыққа қызмет көрсететін Digital Centre орталығына да барды.

Digital Centre орталығында Мемлекет басшысына тұрғындар мен ел қонақтарына қызмет көрсететін электрон үкімет жүйесі таныстырылды.

Digital Centre
Фото: Аkorda.kz

Қасым-Жомарт Тоқаевқа eGov mobile мобайл қосымшасы, Facebook, «ВКонтакте» әлеуметтік желілері мен Telegram мессенджері арқылы мемлекеттік қызмет алудың жаңа мүмкіндіктері мен артықшылықтары көрсетілді. Сонымен қатар 2020 жылға қарай мемлекеттік қызмет көрсетудің 90%-ін цифрлық форматқа көшіру жоспары туралы да айтылды.

Бастысы — сапа мен жедел қызмет көрсету. Біз жоғары технологияларды пайдаланатын алдыңғы қатарлы ел болуымыз керек деп ойлаймын, — деді Мемлекет басшысы.

Бүгінде Digital Centre орталығында 1220 адамның биометриялық дерегі тіркелген. Осының арқасында олар өздерінің жеке құжаттарын көрсетпей-ақ мемлекеттік қызмет ала алады. Орталық қашықтан видео-сервис арқылы қызмет көрсетеді. Сонымен бірге елорда тұрғындары бұл жерде цифрлық сауат дағдыларын меңгереді.