Қасым-Жомарт Тоқаев Deutsche Welle-ге берген сұхбатында не айтты?

Германияға ресми сапары алдында Қасым-Жомарт Тоқаев немістің Deutsche Welle телерадиокорпорациясына сұхбат берді.

Журналист Жанна Немцова Қазақстан Президентіне елдегі биліктің ауысуы туралы сұрақ қойды.

Бұл жерде саяси инновацияның бір түрі болды. Нұрсұлтан Назарбаев — Қазақстан Республикасының негізін қалаушы, үлкен құрметке ие адам, ұлт көшбасшысы. Мен заңды түрде сайланған Президентпін, Мемлекет басшысымын, Жоғарғы Бас қолбасшысымын. Арамызда ешқандай қарама-қайшылық жоқ, бірақ кейде, білесіз бе, баспасөз бұл тақырыпты көп сөз қылғанды ұнатады. Біз бір-бірімізбен кеңесетінімізді жасырмаймын, кеңес сұрап тұрамын. Бұл жерде қос билік жоқ, тандем жоқ, заңды сайланған Президент бар, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Журналист Нұр-Сұлтандағы әуежайға Тұңғыш Президент атының берілгенін, астанадағы бас алаңда Тұңғыш Президент ескерткіші тұрғанын, 1 желтоқсан — Тұңғыш Президент күні екенін айтып, «Бұл жеке басқа табыну емес пе?» деп сұрады.

Келіспеймін. Михаил Шолохов «Жеке басқа табыну болды ма?» деген сұрақ қойылғанда: «Тұлға болғаны да рас қой», — деп жауап берген. Нұрсұлтан Назарбаев — ірі тарихи тұлға, — деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев тәуелсіз елдің негізін қалаған адамның еңбегіне тиісті құрмет көрсетілуі керек екенін айтты.

Бұл жерде ешқандай асыра сілтеу жоқ. Оның өзі көп жағдайда есімінің белгілі бір нысандарға берілуіне қарсы болды. Біз астанамызға жаңа атауды ол өкілетін тоқтатқан кезде бердік. Мен жаңа Президент ретінде «Астана» атауын өзгертуді ұсындым. Бұл қалаға алғаш келгенде ол кеңес заманының көп провинциясының бірі еді. Иә, қала болды, бірақ шағын ғана қала еді. Астананы бұрынғы Целиноградқа көшіру батыл шешім болды. Шын мәнінде бұл геосаяси шешім еді. Жаңа заманда астананың үлкен мемлекеттің қақ ортасында болуының мәні зор болды, әлі де солай, — деді Қазақстан Президенті.

Касым-Жомарт Тоқаев неміс ақпарат құралы өкілінің Қазақстанда болған митингілер мен әлеуметтік желілерде билікке қатысты айтылатын сын туралы сұрағына да жауап берді. Президент жеке наразылық шарасына қатысқаны немесе интернеттегі сыны үшін ешкім жазаланбағанын айтты.

Бүгінде жеке пикет жасағаны үшін ешкім жазаланбайды. Оның үстіне, бізде демонстрациялар болғанда, назар аударыңыз, полиция арнайы құрал қолданған емес. Менің нұсқауым бойынша. Егер ашық арандатушыларды ұстаған болса, оларды жалаң қолмен ұстады. Керісінше, бізде манифестанттардан полицейлер зардап шекті. 10-ға жуық полицей ауруханаға түсті. Еуропадағы демонстрацияны тарату әдісімен салыстырыңыз. Ол жақта арнайы құрал, суатқыш, шоқпар қолданады. Біз мұның бәрін теледидардан көрдік, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті сұхбат барысында Ресейдің Қырымға қатысты әрекетін аннексия деп есептемейтінін айтты.