Вице-министр 4 күндік жұмыс аптасы туралы ұсынысқа түсінік берді

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ақмәди Сарбасов Қазақстанда жұмыс аптасын бір күнге қысқарту ұсынысына қатысты сұраққа жауап берді. Бұл туралы Tengrinews.kz хабарлады.

Қазір Қазақстандағы жұмыс уақытының режимін анықтау мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл — жұмыс берушінің міндеті. Бізде толық емес жұмыс уақытында, сонымен бірге қысқартылған режимде жұмыс істеуге мүмкіндік беретін ыңғайлы еңбек заңнамасы бар. Соның аясында жұмысшылар жұмыс берушімен келісіп, еңбек функциясын орындай алады , — деді Ақмәди Сарбасов журналистерге.

Ақмәди Сарбасов Қазақстанда 4 күндік жұмыс аптасы туралы мәселе бойынша әлі нақты шешім жоқ екенін айтты.

Бұл жерде басты мәселе — осындай жұмыс уақыты аясында жұмысшыларға ең қарапайым кепілдік берілуі. Осының әсерінен еңбекақыны азайтуға болмайды және бұл — сөзсіз, еңбек өндіруші жауап беретін мәселе. Егер осыған байланысты кедергі болмаса, онда мұндай жұмыс режимін қызметкермен және оның өкілімен келісуге болады, — деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін БҰҰ сайтында Халықаралық еңбек ұйымы сарапшыларының 4 күндік жұмыс аптасына ауысуды ұсынғаны туралы ақпарат пайда болған еді. ХЕҰ сарапшыларының пікірінше, бұл халықтың денсаулығын жақсартуға мүмкіндік береді. Өйткені қазір әлемде көп ауруға артық жұмыс істеу, үнемі кеңседе отыру және стресс себеп болады.

Бұған дейін ҚР Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев Қазақстанға 4 күндік жұмыс аптасы жарамайтынын айтқан еді. Оның айтуынша, Қазақстан экономиканы дамытуы үшін оған жұмыс күші керек.