Қазақстанның құрметті құрылысшысы Полат Қынатов дүниеден өтті

Полат Қынатов қазіргі Түркістан облысының Ордабасы ауданында дүниеге келген. 1958 жылы  Қазақ химия-технологиялық институтын силикат өнеркәсібінің инженер-технологы мамандығы бойынша бітірген. Оқуды аяқтаған соң жолдамамен Шымкенттегі цемент зауытына барады. Басында ауысымды басқаратын шебер болып жұмыс істеп, зауыттың бас инженеріне дейін көтерілген. 1970 жылы Қарағанды цемент зауытының директоры қызметіне тағайындалды. 1974 жылы Химия-өндірістік технологиясы бойынша VI халықаралық конгрестің дүниежүзілік цемент форумына қатысты.

1979 жылы Қазақ КСР құрылыс материалдары өнеркәсібі министрінің бірінші орынбасары болып тағайындалды. Зейнетке шыққанға дейін ол мемлекеттік құрылыс жүйелерінде, мемлекеттік сәулет және республиканың құрылыс министрлігінде жұмыс істеді. Құрылыс индустриясы және өнеркәсіптің құрылыс материалдары негізгі бөлімдерінің басшысы болды. Зейнетке шыққаннан кейін Полат Кынатов министрдің кеңесшісі және құрылыс істері жөніндегі комитет төрағасының кеңесшісі қызметін жалғастырды.

Полат Кынатов — Қазақстанның құрметті құрылысшысы. Еңбек Қызыл Ту орденімен, бірнеше рет Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің құрмет грамотасымен және медальдармен марапатталған. «На волнах памяти» мемуар кітабының авторы. Жары Раиса Қынатовамен 47 жыл бірге өмір сүріп, 4 бала мен 8 немере сүйген.

ДереккөзTengrinews.kz