Синоптиктердің мәліметінше, Қазақстанға Кар теңізінен келген суық ауа массаcы республиканың солтүстік, орталық және шығыс облыстарында күннің сууына себепші болды. Ауаның түнгі температурасы 28-32 градус аязға дейін төмендесе, күндіз сынап бағанасы 18-23 градус аяздан жоғары болған жоқ, бұл орташа көпжылдық шамадан 8-13 градус төмен.
Арктиканың суық фронты оңтүстік бағытта жылжиды, соған байланысты кей жерде қар жауып, бұрқасын соғады, солтүстік-шығыстың екпінді желі күшейеді және Қазақстанның оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында температура төмендейді. Солтүстік облыстарда Батыс Сібірдің солтүстігінен келетін кезекті циклон 22-23 қараша күндері аязды әлсіретеді, — деп хабарлады «Қазгидромет» мамандары.
Еске салайық, 19-21 қараша күндері еліміздің солтүстік, шығыс және орталық өңірлерінде 33 градусқа дейін аяз болған еді.