Семейде үш бәйтеректің 125 жылдығы тойланды

Семейде «Үш бәйтерек: тағдыр мен тағылым» тақырыбында облыстық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Конференция  Алаш қайраткерлері Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров және Бейімбет Майлиннің 125 жылдығына арналды. Шараны Шығыс Қазақстан облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы ұйымдастырды.

Конференцияның мақсаты — қазақтың Үш бәйтерегі» атанған қайраткерлердің тағылымын,  қазақ әдебиетін дамытудағы еңбектерін көпке таныту.

Конференцияға ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, мемлекеттік органдар мен мекемелер қызметкерлері,  студенттер мен жастар,  қоғамдық ұйымдар қатысты. Шара барысында қазақ әдебиетіндегі алаш идеясы, үш бәйтеректің тұлға ретінде қалыптасуы және шығармаларының әдеби-теориялық негіздері талқыланып, ұсыныс айтылды.

Қазақ әдебиетінің Үш бәйтерегіне айналған Ілияс,  Бейімбет,  Сәкеннің еңбектерін қазақ халқы жақсы біледі. Олар қиын да қилы заманда жазушылықты серік етіп,  қоғам қайраткеріне айналған. Сонымен қатар, биыл «Егемен Қазақстан» газеті 100 жылдық мерейтойын атап өтті. «Үш бәйтеректің» өмір жолы бұл газетпен тығыз байланысты. Сол уақытта «Ұшқын», «Еңбек туы», «Еңбекші қазақ», «Социалистік Қазақстан» деген атпен танылған газет, қазір «Егемен Қазақстан» болып жұмысын жалғастырып келеді. Сәкен мен Бейімбет — бұл газеттің алғашқы редакторлары, — дейді ШҚО-дағы тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысының міндетін атқарушы Төлемісова Роза Әшімханқызы.