Қала тұрғындары арасынан бұл байқауға қатысуға 100-ге тарта өтініш келіп түссе, соның арасынан 6 отбасы іріктеліп қатысты. Әсіресе көпбалалы әулеттерге басымдық берілді. Байқауға психология ғылымының докторларынан, жазушылардан, қоғам қайраткерлерінен тұратын қазылар алқасы төрелік етті.
Отбасылар сайысқа бір ай мерзім дайындық жасап, бар өнерін салды. Әр отбасы өзіне шартты атау қойып келді. Байқау үш кезеңге бөлінді. Әуелі бейнесюжеттер, көркем слайдтар, сахналық қойылымдар арқылы өздерін таныстырғаннан кейін сұрақ-жауап кезеңіне өтіп, өмірлік, философиялық, ситуатив және интеллектуал сұрақтарға жауап беріп, ұпай жинады. Кез келген отбасында кездесетін түрлі ситуация мен ұрыс-жанжал кезінде тығырықтан шығу жолдары туралы сұрақтар көрермен көңілін көтерді. Үшінші кезеңде командалардың өнері бағаланды.
Бірінші орынды Әбировтер әулеті иемденіп, ақшалай және басқа да арнайы бағалы сыйлық иемденді. Екінші орын Налжитовтарға, үшінші орын Көшербаевтар отбасына бұйырды. Орынға ие бола алмаған отбасылар «Бақытты шаңырақ», «Өнерлі отбасы» номинациялары бойынша жүлде алды.
Бұл байқауды биыл «Отбасы хрестоматиясы» қоғамдық қоры ұйымдастырып отыр. Қор бұған дейін отбасыға арналған 10 шақты кітап басып шығарып, жалпы саны 100 мың тиражбен таратқан еді. Соның ішінде «Махаббаттың мәні» атты еңбек қазіргі жастардың арасындағы махаббат, ғашықтық, құмарлық секілді сезімдерді терең талқылап, Қазақстандағы ажырасу, ерте жүктілік, жасанды түсік жасату проблемаларын экзистенция, логотерапия, онтология тұрғысынан талдап көрсетеді.
Байқаудың мақсаты — дәстүрлі отбасы құндылықтарын насихаттау. Бірлігі жарасқан, берекелі, өнерлі әулеттерді өзгелерге үлгі ету.