Басты бетЖаңалықтарӘлихан Смайылов:...

Әлихан Смайылов: Ақша аударымдарына салық салынбайды

Әлихан Смайыловтың айтуынша, ақша аударымдарынан алым алынбайтындықтан, оңай әрі ыңғайлы болғандықтан мұндай жүйені халық пен бизнес көп пайдалана бастады. Қаржы министрлігі қолма-қол ақшасыз төлемдердің артуы астыртын экономиканы азайтуға ықпал ететінін түсінеді.

Қаржы министрлігі ақша аударымдарынан қосымша төлем немесе салық алуды, оның үстіне, жеке тұлғалардың қолма-қол ақшасыз аударымдарын тексеруді әсте жоспарлап отырған жоқ. Банктермен бірге біз қолма-қол ақшасыз төлемдерді іске асырудың ыңғайлы әрі қазіргі заманғы инфрақұрылымын дамыту бойынша жұмыс істейміз. Кәсіпкерлік қызметіне келсек, ол ашық болуы керек. Атап айтқанда, кәсіпкерлер заңнама бойынша қазына чегін беруге, ал 2020 жылдың 1 қаңтардан бастап онлайн бақылау-касса машиналарын қолдануға міндетті. Қолма-қол емес ақша аударымдарын кәсіпкерлік мақсатына пайдалану кәсіпкерлерді бұл міндеттемеден босатпайды. Чектің болуы тұтынушылар құқығын қорғау үшін маңызды, — деді Әлихан Смайылов.

ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары қазір бизнесінде жылдам ақша аударымдары жүйесін қолданатын кәсіпкерлер табысын әкімшілендіру мәселесі қаралып жатқанын айтты. Оның мысалы — онлайн бақылау-касса машиналары мен салық есебін лезде толтыратын және жөнелтетін POS-терминалдарды біріктіру. Мұндай пилотты келер жылы банктердің бірі іске асырады.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2020 жылдың 1  қаңтарынан бастап патент немесе жеңілдетілген декларация сияқты арнайы салық режимі қолданылатын микро және шағын бизнес салық пен тексерулерден 3 жылға босатылатынын айтқым келеді. Бұл жағынан халықтың алаңдауына негіз жоқ, — деді ол.

Еске салайық, 7 қараша күні Сенат кулуарында Қаржы министрінің орынбасары Берік Шолпанқұлов Қазақстан азаматтарының ақша аударымдары тексерілетінін және оған салық салынуы мүмкін екенін мәлімдеген еді.

Балансыңызды толтырған болсаңыз немесе жақындарыңызға көмек берген болсаңыз, бұл есептелмейді. Бәрі жеке қарастырылады. Бұл барлық электрон транзакцияға қатысты. Коммунал қызмет ақысын төлесеңіз немесе ұялы телефон балансын толтырсаңыз, ол сомаға салық әуелден салынған, — деген еді Берік Шолпанқұлов.

13 қараша күні Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев қолма-қол ақшасыз аударымдарға салық салу туралы ұсыныс талқыланып жатқанын айтты.