Қаржы министрлігі азаматтардың ақша аударымдарын тексереді

Бірінші вице-министр Қазақстан азаматтары банк көмегімен іске асыратын ақша аударымдарына салық салынуы керек екенін айтты. Өйткені аударымдардан азаматтарға табыс түседі.

Барлық төлем туралы айтудың керегі жоқ. Балансыңызды толтырған болсаңыз немесе жақындарыңызға көмек берген болсаңыз, бұл есептелмейді. Бәрі жеке қарастырылады. Бұл барлық электрон транзакцияға қатысты. Коммунал қызмет ақысын төлесеңіз немесе ұялы телефон балансын толтырсаңыз, ол сомаға салық әуелден салынған. Жеке аударымдар кезінде қаражатты алушы бар. Оны салық қызметі бақылайды, — деді Берік Шолпанқұлов Сенат кулуарында.

Қаржы министрлігі өкілінің айтуынша, ақша аударымдары тексерілсе, ол мемлекеттен сапасыз қызмет көрсетілгенде немесе жарамсыз тауар сатылғанда Қазақстан азаматтарына құқығын қорғауға септігін тигізеді. Жеке тұлғалардың есепшоты оларға ақша тұрақты әрі жаппай аударылып тұрған кезде ғана тексеріледі.

Бұл барлық банкке қатысты. Салықты табыс тауып отырғандар ғана төлейді, — дейді Берік Шолпанқұлов.

Қаржы министрлігі төлем түрінің әрқайсысына атау бергелі отыр. Мысалы, тауар ақысы, қайырымдылыққа ақша аудару, тағы басқа.

Егер жақындарыңызға ақшалай көмек берсеңіз, бұл — төлемнің бір түрі, тауар сатып алсаңыз, бұл — төлемнің екінші бір түрі. Бұрын қолданылған велосипедті сатсаңыз, сізге ешкім «салық төле» деп жармаса кетпейді, — деді бірінші вице-министр.

ДереккөзTengrinews.kz