Басты бетЖаңалықтарҚасым-Жомарт Тоқаев...

Қасым-Жомарт Тоқаев Иран Президентін Нұр-Сұлтанға шақырды

Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Astana Club халықаралық пікірталас алаңына қатысу үшін Нұр-Сұлтанға келген Иран Ислам Республикасының Сыртқы істер министрі Мұхаммед Джавад Зарифпен кездесті.

Президенттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, тараптар екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі ахуалы мен перспективасын, сонымен бірге өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылады.

Мемлекет басшысы биылғы қазан айында Ереванда өткен Жоғары Еуразия экономика кеңесі аясында Президент Хасан Руханимен табысты келіссөз жүргізгенін және оны Нұр-Сұлтанға өзіне ыңғайлы уақытта келеді деп күтетінін айтты.

Мұхаммед Джавад Зариф Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстан астанасында өзіне көрсетілген қонақжайлылық үшін алғыс айтты.

Иранның Сыртқы істер министрі Astana Club жұмысынан алған әсерін айтып, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың форумның пленар отырысындағы баяндамасын және жиынның сындарлы атмосферасын жоғары бағалады.

Мұхаммед Джавад Зариф Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен де кездесті. Нұрсұлтан Назарбаев мейманға Astana Club отырысына қатысқаны үшін алғыс айтты. 

Astana Club отырысында сөйлеген сөзіңізді мұқият тыңдадым. Барлық мәселеге жан-жақты тоқталдыңыз. Осы 27 жыл ішінде біз қарым-қатынасты нығайту үшін жұмыс істедік. Мен еліңізде алты рет болдым. Қазақстан Иранға көптеген мәселе бойынша үнемі қолдау көрсетіп келеді, — деді Елбасы.

Мохаммад Джавад Зариф Иран басшылығы мен халқы Қазақстанның Тұңғыш Президентінің аймақтағы қауіпсіздікті нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалайтынын айтты. Ол Нұрсұлтан Назарбаевқа Сириядағы қақтығысты шешу үшін Қазақстан астанасында келіссөздер ұйымдастырғаны үшін алғыс та білдірді.