Astana Club отырысы Еуразияның геосаясат мәселелерін көтереді

Аймақтағы қауіпсіздік пен геосаясат мәселелерін талқылауға арналған ауқымды алаңның бесінші жыл сайынғы отырысы 2019 жылдың 11-12 қараша күндері «Назарбаев орталығында» өтеді. Клуб отырысының басты тақырыбы — «Үлкен Еуразия: жаһандық ынтымақтастықтың жаңа құрылымы жолында».

Форум сарапшыларының құрамына Ресей стратегиялық зерттеулер институтының директоры Михаил Фрадков, Ресей Мемлекеттік Думасының комитет төрағасы, БРИКС зерттеу жөніндегі ұлттық комитеттің басқарма төрағасы Вячеслав Никонов, ЕАДБ жанындағы Еуразиялық тұрақтандыру және даму қорының бас экономисі Евгений Винокуров, «Өркениеттер диалогы» зерттеу институты бақылау кеңесінің төрағасы Владимир Якунин мен Ресей саяси зерттеулер орталығы кеңесінің төрағасы Евгений Бужинский кірді. Сарапшылар — клубтың бесжылдық жұмысының дәстүрлі қатысушылары.

Биыл Нұр-Сұлтанда халықаралық деңгейдегі 50-ден астам сарапшы, саясаткер және дипломат бас қосады. Қазақстан мен Ресейді қосқанда АҚШ, Испания, Италия, Жапония, Сербия, Австрия, Грузия, Норвегия, Қытай, Қырғызстан, Үндістан, Бельгия, Ауғанстан, Швеция, Оңтүстік Корея және Ұлыбританиядан қонақтар келеді.

Шарада АҚШ, Қытай және Ресей арасындағы шиеленістің ушығуы, сауда протекционизмі мен популист көңіл-күйдің орнығуы, Иран мен Солтүстік Корея төңірегінде жаңа келіспеушіліктердің бой көрсетуі сияқты мәселелер көтеріледі. Әсіресе, Еуразияда ынтымақтастықтың болашақ құрылымын қалыптастыру тақырыбына көңіл бөлініп, жаһан қауіпсіздігінің сын-тегеуріндеріне (зымыран-ядро саласындағы бақылаусыз жарыс мәселесі) қарсы тұру жолдарын іздестіруге назар аударылады.

Әлемдік экономика және саясат институты Astana Club-тың қолдауымен жаһанның жетекші сарапшыларының стратегиялық болжамдарын бағамдаған «Еуразия 2020 үшін 10 басты сын-қатер» рейтингісінің кезекті шығарылымын таныстырады.

Клубтың пленарлық отырысында «Үлкен Еуразияны құру: серіктестіктің жаңа үлгісі» тақырыбы қозғалады. Шара Қазақстанның Тұңғыш Президентінің төрағалығымен өтеді.

Клуб жұмысын ұйымдастырушылар — ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасы қоры мен Әлемдік экономика мен саясат институты.

Astana Club отырысы ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасы қорының қаржылай қолдауымен өтеді.

Бесінші басқосудағы отырыстардың бір бөлігі Chatham house ережесіне сай ұйымдастырылады. Талқылау жабық өтеді.

Бұған дейін клуб отырыстарына әлемнің 40 елінен 200-ден астам спикер қатысты.