Рахымбек Орақов — Алматының 72-дегі тұрғыны. Оның айтуынша, көп адам зейнетке шыққаннан кейін өмірі тоқтап қалғандай сезінеді. Рахымбек ақсақал, керісінше, бұл уақыт бұрын білмегеніңді үйренуге арналған мүмкіндік деп есептейді. Қазір ол Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында ән, би үйірмелеріне және ағылшын тілі курсына барып жүр.
Қазақ — тойшыл халық қой. Әр аптаның демалыс күні тойға барамын. Тойда кәсіби түрде билегім келеді. Сондықтан би курсына көңіл бөліп жүрмін. Бидің өз үні, өз тілі болады. Жоғары талғамды да қажет етеді, — дейді Рахымбек Орақов.
Рахымбек ата қартайдым деп ойламайды. Ол бізге ағылшын тілін не себепті үйреніп жүргенін де айтып берді.
Былтыр отбасыммен Еуропаның жеті мемлекетін араладым. Жақында Дубайға бардық. Бір өкініштісі, шетелде жүрген кезде ойымды ашық айтып, адамдармен тіл табыса алмадым. Ағылшын тілін жетік меңгергенімде мұндай қиындыққа тап болмас едім. Болашақта ағылшын тілін меңгеріп, тағы да ел аралағым келеді, — дейді зейнеткер.
Рахымбек Орақовтың құрдасы Райхан Болатова Латын Америкасы билерін үйреніп жүр. Бұрын мүгедектігі бар жалғыз баласын ойлап, көп уайымдайтын болған. Бимен айналыса бастағалы көңіл-күйі көтеріліп, араласатын ортасы да қалыптасқан.
Егде жастағы адамдарға осындай мүмкіндікті тегін ұсынғаны үшін қуаныштымын. Жаман ойдан арылып, өмірге деген көзқарасым өзгерді. Өткенде визажистердің байқауына модель болып бардым. Түр-әлпетімді бояған кезде әлдеқайда жас көріндім, — дейді зейнеткер.
Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына келушілер би билеуден еш қысылмайды. Мұнда би үйрену бағдарламасы олардың жас шамасына қарай арнайы дайындалған.
Орталық басшысы Әсия Ақанованың айтуынша, би билеу — дене шынықтыру үшін таптырмас амал. Әрі ол адамның жанын да емдейді. Шаршап, жүйке сыр бере бастағанда сүйікті әуенге билеу көңіл-күйді лезде көтеріп, адамды іштей жеңілдетеді.
Адам қозғалысының бәрін бас, ми басқарады. Сол миды шынықтырса, ағза сау болады. Қартайғанда қолды бір сілтеп, жалғыз сезінудің қажеті жоқ. Өмірді ары қарай жалғастыру керек. Жалғыз сезіну үрдісі ми қызметінің ауытқуына әсер етеді. Сол үшін қоғам өміріне белсенді араласу керек, — дейді орталық басшысы.
Орталыққа күніне Рахымбек Орақов пен Райхан Болатова сияқты 200-дей зейнеткер келеді. Барлығының мақсаты — денсаулыққа пайдалы өмір салтын ұстану және жаңа технологияларды меңгеру. Мұнда қарт адамдарға барлық жағдай жасалған. Ән, би мен ағылшын тілінен басқа, йога, фитнес, сауықтыру гимнастикасы, сурет салу, компьютер сауаты секциялары да бар. Мұнда апта сайын тегін құқықтық, психологиялық кеңес беріледі, мотивациялық семинарлар мен халық өнерін дамыту бойынша мастер-кластар өтіп тұрады.
Орталық қарияларға Damumed, Egov.kz, WhatsApp, Skype сияқты интернет сервистері мен жаңа технологияларды қолдануды үйретеді. Бұл кісілер халыққа қызмет көрсету орталығына барып, кезекте тұруға уақыт кетірмейді. Онлайн қызмет түрлерін пайдалана алады.
Орталық басшысының айтуынша, әдетте зейнеткерлер күнкөріс қамымен жүрген бала-шағасының жағдайын ойлап, күйзеліске салынады. Тағы бір тобы немере-шөбере бағады. Ал бұл жерде зейнетке шыққаннан кейін әр саланың адамдары бас қосып, бұрын уақыт таппаған қызық істерімен айналыса алады. Жаңа дүниелерді үйреніп жатқан ата-әжелердің қимылы ширақ, көңілі көтеріңкі.
Алматыда былтырдан бері қариялардың белсенді өмір сүруіне жағдай жасайтын орталықтардың бірнешеуі ашылды. Әлеуметтік әл-ауқат басқармасының мәліметінше, 2020 жылы тағы бес Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ашылады. Қалада барлығы 220 мыңнан астам зейнеткер тұрады.