Mega Silk Way сауда орталығында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен «Меломан» компаниясы өзара ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойды.
«Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының басты бағыттарының бірі «Білімнің салтанат құруы» екені және осы бағыттың тұлғаның әрі қарай дамуына, бәсекеге қабілетті болуына мүмкіндік беретіні белгілі. Осы ретте кітап оқудың маңызы ерекше. Сондықтан да жобаның бас серіктестерінің бірі — «Меломан» компаниясы болып отыр, — деді Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Есин.
«Меломан» компаниясының Нұр-Сұлтан бойынша филиалының директоры Анна Валентованың пікірінше, жалпы Қазақстан қоғамы әлеуетінің артуы интеллект капиталының дамуына байланысты.
Біздің команда бұл жобаны қуанышпен және мақтанышпен қолдап, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының басты бағыттарының біріне үлес қосуға дайын. Кітап оқуды насихаттау қажет әрі маңызды! Сондықтан да оқыңыз және одан әрі дамыңыз, — деді Анна Валентова.
«Кітап оқып, рухани бай бол!» республикалық байқауы астана жастарын ерекше қызықтырып отыр. «Меломан» алаңында жас ақындар өз шығармаларын оқып, әдебиет туындыларын талқылады. Меморандумға қол қою аясында Данияр Есин Нұр-Сұлтанның ерекше белсенді сайыскерлеріне сыйлық сертификаттарын тарту етті.
Бұл байқауға кез келген адам қатыса алады. Бірінші кезең — әлеуметтік желілердегі эстафета. Қатысушы бір шығармадан үзінді оқып, «Рухани жаңғыру» жобасының өңірлік кеңселерінің және https://www.facebook.com/ruhani.kz, https://www.instagram.com/ruhkz/ аккаунттарын белгілеп, Instagram-дағы жеке парақшаға байқаудың #RuhaniJangyry #KitapOqypRuhaniBaiBol хештегтерін пайдалана отырып орналастыруы қажет.
Екінші кезеңге әлеуметтік желілерде ең көп лайк мен репост жинаған қатысушылар өтеді. Олар үшін «Меломан», «Марвин» кітап дүкендерінің бірінде немесе ұйымдастырушы айқындаған басқа орында көркем әдебиетті терең ұғынуға бағытталған пікірталас ұйымдастырылады. Үздіктер қазылар алқасынан алған ұпайлары бойынша ақтық кезеңге өтеді. Байқау 2020 жылдың 1 ақпанынан дейін жалғасады.