Кітапты не үшін оқу керек?

Марғұлан Сейсембайдың айтуынша, кітап оқу біреумен пікір алмасып отырғандай әсер береді.

«Кітап оқитындар теледидар көретіндерді басқарады» деген сөз әбден рас. Теледидар мен YouTube видеосын қарағанда адам көзбен дайын жауап алады. Мұның салдарынан ми жұмыс істемейді. Кітап оқығанда адам тоқтайды, себебі ойында сұрақ туады. Жаңа ойды оқыған соң автордың көзқарасы неге бұлай деп ұғуға тырысады. Сонда кітап бір адаммен пікір алмасып отырғандай әсер береді. Кітап оқудың ерекшелігі — осы, — дейді кәсіпкер.

Бизнесменнің пікірінше, көп адам кітапты дұрыс оқымайды. Егер кітаптың берері болмаса, оны оқудың керегі жоқ.

Кітаптан көбіне адам жіберетін қателерді іздеймін. Автордың қаншалықты дұрыс не бұрыс айтып тұрғанын талдаймын, ішкі сүзгіден өткіземін. Кітапты оқып біткен соң онда айтылған ой бойыңа сіңіп, сені әрі қарай дамытып, өмірде пайдаңа асуы керек. Басқа жағдайда ол — керексіз ақпарат, бос кеткен уақыт, — дейді ол.

Кітап, оқу
Фото: Айгүл Хожантаева

«Кітапты оқып бітіруге асығу дұрыс емес»

Марғұлан Сейсембай кітапты тез оқығанды ұнатпайтынын айтты. Ол кітаптың егжей-тегжейіне мән беріп, бүкіл нәрін алмайынша қолынан тастамайды екен.

Егер кітапты жылдам оқып бітірсем, оның маған әсері болмайды. Меніңше, кітап мидың жұмыс істеуіне көмектесуі керек. Оқығанда тек көз жұмыс істесе, ақпарат есіңде сақталмайды. Сондықтан тез оқығанның пайдасы болмайды деп ойлаймын, — дейді Марғұлан Сейсембай.

Кәсіпкер жылына 100 кітап оқуды жоспарлайды екен.

Бір жылда оқитыным 100-ге жетпейді, шамамен 80-85 кітапты оқимын. Оның 12-сі қазақ, 12-сі ағылшын тіліндегі кітап болуы керек. Кітап оқудағы мақсатым — одан жаңа нәрсені алып, ереже құру. Батыс мамандарының зерттеуінше, әлемдегі ірі корпорациялардың басшылары жылына 67-75 кітап оқиды екен. Олар — жай кітап емес, мамандардың нақты жұмысына, кәсібіне қажет кітаптар, — дейді Марғұлан Сейсембай.

Марғұлан Сейсембай оқуға ұсынатын кітаптар:

«Масштаб. Универсальные законы роста, инноваций, устойчивости и темпов жизни организмов, городов, экономических систем и компаний», Джеффри Уэст;

«Принципы», Рей Далио;

«Рискуя собственной шкурой», Нассим Николас Талеб;

«Теория игр», Авинаш Диксит, Барри Нейлбафф.