Синоптиктер бүгін Қазақстан аумағында қар жауатынын болжады

Ресейдің Еуропа аумағындағы аудандарында орналасқан циклонның атмосфера фронттарының өтуіне байланысты Қазақстанның көп бөлігінде ауа райы құбылмалы болады, өңірлерде жаңбыр, қар жауады, жел күшейіп, тұман түседі. Солтүстікте көктайғақ болады, оңтүстік-батыста найзағай ойнайды.

«Қазгидромет» синоптиктерінің болжамына қарағанда қазанның соңғы күні Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарында жауын-шашынмен бірге тұман түседі, көктайғақ болады. Жамбыл, Ақтөбе, Атырау, Павлодар, Қарағанды облыстарында да тұман түседі. Маңғыстау облысында найзағай ойнайды. Республиканың барлық облысының аумағында екпіні секундына 15-20 метрге жететін жел соғады. Күшті желге байланысты Қызылорда, Ақмола, Маңғыстау облыстарында ескерту жарияланды.