Басты бетҚоғамДін және...

Дін және жастар мәселесі

Жастар қоғамдық санада  үрей тудырудың қайнар көзі болатындығы да шындық. Жастар арасында адамгершілікке кереғар өрескел тәртіпсіздіктердің: түрлі бұзақылықтардың, әсіресе, ұрлықтың, зорлықтың, нашақорлықтың, араққұмарлықтың, жезөкшеліктің көбеюі осыған дәлел болып отыр. Қазіргі кезде Қазақстандағы жастар мәселесін жалпы мемлекеттік мәселелерден бөлек қарастыруға болмайды. Сондықтан да жастардың психологиялық және әлеуметтік ерекшеліктерін, олардың экономикалық жағдайын, өмір сүру тәсілдерін, білім деңгейлері мен рухани ізденістерін зерттеуді жан-жақты қолға алу керек. Еліміздегі жастардың соңғы он жылдағы әлеуметтік-экономикалық тіршілігі, мәдениеттегі орны, саяси белсенділігі, діни дүниетанымдары туралы мәселелерді біраз авторлар орынды көтеріп жатыр. Аталған мәселелерді шешу үшін мемлекеттік жастар саясаты біртіндеп жастардың әлеуметтік-мәдени қалыптасуы мен дамуы үшін әлеуметтік-экономикалық, құқықтық мүмкіндіктер жасауды қолға алуда. Әйтсе де көңіл толмайтын жайттар баршылық. Ол жастардың рухани мәдениетіне байланысты мәселелер. Жалпы алғанда рухани тоқыраудың негізгі себебі әлеуметтік және материалдық жағдайға байланысты деп есептеледі. Бірақ адамзат тарихы небір қиын-қыстау кезеңдерде адамгершілік, мейрімділік, бауырмалдық, төзімділік, қанағат сияқты тағы да басқа адами құндылықтардың жоғары болғандығын дәлелдейді.

Жеке адамның рухани тазаруы үшін дін үлкен рөл атқаратынын өркениетті елдер тәжрибесі дәлелдеп отыр. Өз мәнінде уағыздалған діни нанымдар бір халықты екінші халыққа қарсы қоюды мақсат етпейді. Керісінше барлық адамзатты бейбітшілікке, сенімге, тәубаға, келісімге шақырады.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев діни экстремизм мен терроризмге қарсы күрестің 2013-2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында: Біз енді жастардың діни сауаттылығын бірінші орынға қой керектігін түсіндік. Жалпы қоғамның діни дүниетанымын қалыптастырудың жолдарын жетілдірудің шараларын жасаудамыз. Оның нәтижесі қалай болатынын уақыт көрсетеді. Әйтсе әрбір азамат қазір кейбір сыртқы күштер жастарымызды адастырып, исламдық және басқа теріс діни бағытқа тартуға тырысатынын ұмытпауымыз керек.

Мұндай ұлттық табиғатымызға жат келеңсіздіктерден бойымызды аулақ салуымыз керек. Біз мұсылман үмбетінің бір бөлігі екенімізді мақтан тұтамыз. Ол – біздің дәстүріміз. Бірақ бізде зайырлы қоғамның дәстүрлері де бар екенін, Қазақстан зайырлы мемлекет екенін ұмытпауымыз керек. Біз елдің дәстүрлері мен мәдени нормаларына сәйкес келетін діни сана қалыптастыруымыз керек. Біз өзін өзі ұстаудың ерекше үлгілерін алуға тиіспіз. Мен жария етіп отырған стратегия біздің халқымызды орта ғасырларда емес, ХХІ ғасырда өмір сүруге дайындайды, — деген тұжырым айтты.

Осы стратегияны ұстана отырып, еліміздегі әртүрлі діни ұйымдар арасында бірлік пен татулықты, өзара түсіністік пен ынтымақтастықты тереңдетіп және ұлттық сананы дамыта отырып, теріс идеялар мен көзқарастардың алдын алуға күш салуымыз қажет. Діни сананың бірегейлігі мен дұрыс дамуы, қоғам бірегейлігінің алғышарты.

Қарлығаш Борбасова

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры.