ҚР Цифрлық даму, инновациялар және арэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Абылайхан Оспанов пен ҚР Ішкі істер министрлігінің Көші-қон қызметі комитеті төрағасының орынбасары Галина Сәрсенова Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында мекенжай анықтамасын үшінші тұлғаларға беру сервисі туралы айтты. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Абылайхан Оспановтың айтуынша, азаматтың тіркелуі туралы ақпарат қажет болған мемлекеттік емес ұйымдар, оның ішінде жекеменшік компаниялар оны Egov.kz электрон үкімет порталынан үшінші тұлғалар сервисі арқылы ала алады. Ол үшін азамат SMS арқылы өзінің тіркелуі туралы мәліметті бір рет алуға келісімін беруі керек.
Сіздер бүгінде жеке кабинетіңізден қай жерде тіркелгеніңіз және пәтеріңізде қандай азаматтар тіркелгені туралы мәліметті көре аласыздар. Пәтер иесі ретінде сіздің қазір мұндай мүмкіндігіңіз бар. Қандай да бір себептерге байланысты біреуге қай жерде тұрып жатқаныңызды дәлелдеу қажет болса, қазір ондай сервис жұмыс істеп тұр, — деді Абылайхан Оспанов.
Ондай SMS-ті алу үшін азамат мобайл азаматтар базасында тіркелген болуға тиіс. Өз бетінше тіркелуге (Egov.kz порталындағы жеке кабинетте «Телефон» бағанында телефон нөмірін өзгертіп немесе растап, ЭЦҚ жұмыс істеп тұрғанын нақтылау керек) немесе ХҚКО-ының кез келген бөлімшесіне жүгінуге болады (қызмет тегін, 5 минуттан артық уақыт алмайды).
Абылайхан Оспанов 1 қарашадан бастап бұл сервис ұялы телефон қосымшасында болатынын айтты. Оның сұраныс жасау тетігі қарапайым: ұйым немесе кез келген азамат Еgov.kz порталында ЖСН енгізу арқылы портал қолданушысынан қандай да бір ақпаратты оқуға рұқсат беруді сұрайды. Ол тұрғылықты жері бойынша мекенжай анықтамасы ғана емес, жылжымайтын мүліктің бар-жоғы туралы анықтама, жылжымайтын мүлікке тіркелген құқық туралы анықтама, сотталғаны немесе сотталмағаны туралы анықтама, тағы басқа болуы мүмкін. Қазіргі таңда бес анықтама сұранысқа ие.
Одан соң осы ақпараты сұралып отырған адам электрон үкімет порталындағы жеке кабинетінде немесе SMS арқылы ақпаратты беруге келісетінін растайды. Бұл рұқсат тек бір операцияға қатысты. Сұраныс жасаған тұлғаға сол сұраныс берген ақпараты көрінеді. Ақпарат тек бір рет көрсетіледі және оны сұраған адамға ғана көруге рұқсат беріледі. Үшінші тұлға ретінде жеке тұлға да, заңды тұлға да бола алатынын айта кету керек (банктер, мектептер, ЖОО-лар, емханалар, коммерциялық ұйымдар, мемлекеттік мекемелер, тағы басқа), қолданушы — жеке тұлғаның өзі ғана.
ҚР Ішкі істер министрлігінің Көші-қон қызметі комитеті төрағасының орынбасары Галина Сәрсенова жеке бас мәліметін қорғау туралы заң бойынша тіркелу туралы мәліметтерге шектеу болатынын айтты.
Қазір банктер мәліметтерді пайдаланса да, ешкімнің бұған қатысты сауалдары туындамайды. Дерегіңізді пайдалануға келісім бересіздер, жеке басыңызға қатысты деректі, аты-жөніңізді, тегіңізді, туған жылыңызды, ай-күніңізді және басқа да деректі ұсынасыздар, бұл дерек қолжетімділігі шектеулі мәлімет қатарына жатады. Үшінші тұлғалардың тұрғылықты мекенжайы, тағы басқа туралы ақпаратты алу мүмкіндігі жағдайында да талап сондай болады. Бәрі сіздің келісіміңізге байланысты. Онсыз ешкімнің шектеу қойылған мәліметті пайдалануына құқығы болмайды, — деді Галина Сәрсенова.
Еске салайық, 1 қарашадан бастап Қазақстанда мекенжай анықтамасы мемлекет көрсететін қызметтер тізімінен шығарылады. Мемлекеттік органдар, мектептер, медициналық ұйымдар және басқалар азаматтардан мекенжай анықтамасын талап ете алмайды. Оны «Азаматтарға арналған үкімет» филиалдарынан да, электрон үкімет порталынан да алу мүмкін болмайды. Қажет болған жағдайда қазақстандықтар тіркеуге тұрған мекенжайларын Еgov.kz порталы мен eGov mobile қосымшасындағы жеке кабинеті арқылы тексере алады.
Азаматтар екінші деңгейлі банктердің қызметіне жүгінген жағдайда мекенжай анықтамасы талап етілген болса, Ұлттық банктің қоғамдық қабылдауларына шағымдана алады. Анықтама телефондары: 8 (727) 2 788 104 (ішкі 5573).