Нұр-Сұлтанда өңірлік жастар ресурс орталықтарының жұмысы талқыланды

Нұр-Сұлтанда «Еңбекқор жастар» ақпараттық кампаниясы аясында «Жастар ресурс орталықтары еңбек нарығының жаңа болмыстарында» атты республикалық семинар-тренинг өтті. Шараға еліміздің 15 аймағынан 40-тан аса адам қатысты.

Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Есин шараға қатысушылар алдында сөз сөйледі. Вице-министр жастар ресурсы орталықтары — жастар саясатының тірегі екенін айтты.

Қазақстанда қазір 208-ден аса жастар ресурс орталығы жұмыс істейді. Оларға жастар саясатын жүзеге асыру, жұмысқа орналастыру, кеңес беру, қайта мамандандыруға көмек көрсету және тағы басқа міндеттер жүктелген, — деді Данияр Есин.

Данияр Есин жастар ресурс орталықтарында іске асырылып жатқан бағдарламалардың арқасында жұмыссыз жастардың саны қысқарғанын, бірақ қазіргі уақытта жұмысқа орналасу мәселелері бар екенін айтты.

Бүгінде біз жұмыссыз жастардың қысқарған динамикасы барын білеміз. Соңғы мәліметтер бойынша ол 3,8% болды. NEET (Not in Education, Employment or Training) санаты 2019 жылдың екінші тоқсанында 7,6% қысқарды. Бұл мемлекеттік органдар, жастар саясаты органдары, соның ішінде жастар ресурсы орталықтары да жұмыс жүргізіп жатқанын көрсетеді, — деді Данияр Есин.

Фото: «Қоғамдық ақпарат» қоры

Спикерлер оқыту семинары аясында қосарлы білім беру, дағдарысты басқару, жобалық менеджмент және басқа да бағдарламалар туралы айтып берді. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нариман Мұқышев айтуынша, мемлекеттік бағдарламалар бойынша халыққа толық ақпарат беру керек екенін айтты.

Егер Еңбек министрлігі туралы айтатын болсақ, біз тек бағдарламаны жасап қана қоймай, оны жүзеге асыруға міндеттіміз. Өкінішке қарай, Еңбек министрлігіне жұмысқа келмей тұрып «Еңбек» бағдарламасы туралы білмедім. Қазақстанда халықты жұмыспен қамту орталықтары бар екенінен де хабарсыз болдым. Мен өзімді сауаттымын деп санадым. Теледидарды көрдім, әлеуметтік желілерде отырдым. Бірақ осы бағдарламаларға қатысты ақпаратты кездестірмедім. Сондықтан мұнда әрбір адамға қандай бағдарлама бар, қандай механизмдерді пайдалану қажет екенін жеткізу өте маңызды, — деді Нариман Мұқышев.

Фото: «Қоғамдық ақпарат» қоры

Шараға «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы өкілдері қатысты. Олар «Бастау», «Жас кәсіпкер» сияқты бағдарламаларға қатысты өзекті ақпараттарды айтты.