Bek Air өкілдері әуе компаниясы әйелдерге жүктіліктің 22-аптасынан бастап дәрігердің рұқсат қағазымен ұшу керек екенін ескертеді. Аяғы ауыр әйелге жүктіліктің 36-аптасына дейін ұшуға рұқсат беріледі, ұшу барысында бақылауда болады.
Вek Аir әуе компаниясында мүгедектігі бар жолаушыларға ғана жеңілдік жасалады. Басқа жолаушыларға жеңілдік қарастырылмаған, — дейді компанияның call-орталығының қызметкерлері.
Мүгедектігі бар жолаушылар әуе билеті бағасына қандай көлемде жеңілдік берілетінін компания басшылығына өтініш жазып біле алады. Ол клиенттің ұшатын күніне байланысты болады.
Qazaq Air мен FlyArystan әуе компаниялары да жолаушыларға ешқандай әлеуметтік жеңілдік жасамайды. Аяғы ауыр әйелдер тиісті декларацияға қол қойып, жүктіліктің 34-аптасына дейін ұша алады.
Air Astana әуе компаниясы әйелдерге жүктіліктің 34-аптасына дейін, құрсағында егізі бар әйелдерге 32-аптаға дейін ұшуға рұқсат береді. Жүкті әйел денсаулығының жарамдылығы туралы анықтаманы ұсынуы керек. Жолаушы әйелдің босану уақыты таяу жеті күн аралығына жоспарланған болса, дәрігердің жазбаша рұқсатына қарамастан әуе компаниясының оны тасымалдаудан бас тартуына құқығы бар. Әуе компаниясы 25 жасқа дейінгі жастар мен зейнеткерлерге броньды өзгерту, билетті қайтару сияқты мүмкіндік қарастырылған тарифтерді ұсынады.
Біздің компания зейнеткерлер мен 25 жасқа дейінгі жастарға арнайы тарифтерді ұсынады. Басқа жолаушыларға жеңілдік жоқ, — дейді компанияның call-орталығының қызметкерлері.
Халық арасында «Ұшақта туған сәби әуе көлігімен өмір бойы тегін қатынай алады екен» деген қауесет жиі айтылады. Біз хабарласқан әуе компаниялары бұл ақпаратты жоққа шығарды. Мұндай ақпарат жалған.