Блогер, PR-маман Әлішер Елікбаев Алматыдан Нұр-Cұлтанға A321 LR-мен жетті. Ол ұшақтағы сервис туралы айтып берді.

Көп саяхаттаймын. Шетелде Air Astana-ның ұшағына отырсам, өзімді бірден Қазақстанда жүргендей сезінемін. Менің ойымша, Air Astana — Қазақстанды халықаралық деңгейде танытатын брендтің бірі. Сол себепті бұл компанияның қызметін жоғары бағалаймын. Бүгін A321 LR-мен тұңғыш рет ұштым. Бәрі керемет. Сервис жоғары деңгейде, маған ұнады. Бизнес-кластағы толық жазылатын кресло мен эконом-кластағы эгрономика орындығы жолаушының жайлы саяхаттауына мүмкіндік береді, — деді Әлішер Елікбаев.

Әлішер Елікбаев
Әлішер Елікбаев. Фото жеке архивінен

Air Astana президенті Питер Фостердің айтуынша, A321 LR лайнерін сатып алу — әуе компанияның дамуы үшін маңызды қадам. Ол жаңа ұшақтың әуе билетінің бағасына ешқандай әсер етпейтінін айтты.

Air Astana бәсекеге қабілетті нарықта жұмыс істеп жатыр. Мұны ішкі нарыққа және халықаралық бағытқа қатысты да айтуға болады. Сол себепті бізге экономика жағынан тиімді ұшақтар қажет болды. A321 LR көп шығынды азайтады. Жаңа ұшақтар әуе билетінің бағасына әсер етпейді. Бірақ жақын арада авиация керосинінің бағасы қалай өзгеретінін нақты болжап айта алмаймыз. Жолаушыларымызды жоғалтпау үшін оларға тиімді баға ұсынғымыз келеді, — деді Питер Фостер.

Фото: Air Astana әуе компаниясының баспасөз қызметі

Алдыңғы ұшақтармен салыстырғанда A321 LR отынды 20% аз жағады. Оған қоса, ұшақ көміртекті ауаға 20% аз шығарады және дыбыс деңгейі 50% төмендеген.

Питер Фостер A321 LR-дегі жетілдірілген техника сипаттамасы ұшуды бұрынғыдан да жайлы, қауіпсіз ететінін айтты. Бұл — әуе компанияның қоршаған ортаны қорғау және тасымалды қолжетімді ету мақсатында атқарған жұмысының бірі.

Фото Air Astana әуе компаниясының баспасөз қызметінен

Әуе компания дәл осындай жеті ұшаққа тапсырыс берген. Олар Германияның Airbus заводынан жеткізіледі.

Air Astana 2003 жылдан бері пайдаланып келе жатқан Boeing-757 ұшағын A321 LR-ге кезең-кезеңімен ауыстырады. Осылайша, Air Astana дәл осы әуе лайнерін ТМД бойынша тұңғыш пайдаланушы болды.

Фото: Air Astana әуе компаниясының баспасөз қызметі

Air Astana әуе компаниясы жаңа ұшақтың презентациясында ҚР Ұлттық паралимпиада комитетіне 7 миллион 750 мың теңге ақшалай қолдау көрсетті. Бұл қаржы еліміздегі паралимпиада спорт түрлерін дамытуға жұмсалады.

Фото: Air Astana әуе компаниясының баспасөз қызметі

Рио-де-Жанейрода өткен Паралимпиада чемпионы Зүлфия Ғабидуллина әуе компанияға осындай қолдауы үшін алғыс айтты.

Паралимпиада бойынша әлемдік, халықаралық деңгейдегі көп сайысқа қатысамыз. Өзге елдерде паралимпиадашыларға мемлекет те, ірі компания мен бизнесмендер де жан-жақты қолдау көрсететінін білеміз. Қазақстанда да паралимпиада спорты ірі әуе компанияның қолдауына ие болып отыр. Бұл — өте дұрыс бастама. Шын жүректен алғыс айтамын. Сіздердің қолдауларыңыздың арқасында Токио-2020 Олимпиадасында лайық өнер көрсетеміз деп сенемін, — деді Зүлфия Ғабидуллина.