Қарыз қайтарғандарға өсімпұлы кешірілді

ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті баспасөз қызметінің хабарлауынша, салық берешегі бар азаматтар тізіміне іліккен қазақстандықтар қарызын төлей бастады. Негізгі қарыз сомасын өтеген азаматтар республика бойынша жарияланған салыққа рақымшылық жасау шарасын пайдалана алды — олардың өсімпұлы есептен шығарылды.

Осылайша Нұр-Сұлтан тұрғыны Дархан Рысбеков жер салығы (БКК 104302) бойынша қарызының 3 193 076 теңге көлеміндегі негізгі сомасын төлеп, 4 006 869 теңге сомасындағы өсімпұлынан құтылды, — деп хабарлады комитет мамандары.

Көлік салығы бойынша қарызға батқан Қостанай облысының тұрғыны Марат Дәулетшин де сомасы 408 399 теңге болатын негізгі қарызын төледі, ол 421 399 теңге өсімпұлдан босатылды.

8 адамның салық бойынша өтелген қарызының жалпы сомасы 10 512 137 теңге болды (негізгі борыш — 5 480 181 теңге, өсімпұл — 5 031 956 теңге), — делінген ҚР МКК баспасөз қызметінің хабарламасында.

Азаматтар өзін борышкерлер тізімінен тексере алады

Мемлекеттік кірістер комитеті мүлік, жер және көлік салығы бойынша берешегі бар азаматтар тізімін тұрақты жариялап келеді. Борышты азаматтардың тізімін мына сілтемелер бойынша көруге болады:

http://kgd.gov.kz/sites/default/files/pr_-_100_zadolzhnikov_spisok.docx

http://kgd.gov.kz/sites/default/files/dolzhniki_krup_summy_2.xlsx

Мемлекеттік кірістер органдары алдағы уақытта салық бойынша берешегі бар заңды тұлғалардың тізімін жариялағалы отыр.

Қазақстанда бүгінге дейін барлығы 370 970 адам салыққа рақымшылық жасау шарасын пайдалана алды. Олар 8 миллиард 737 миллион 600 мың теңге көлеміндегі негізгі қарызды өтеп, 1 миллиард 700 миллион теңге болатын өсімпұлдан құтылған.

Салық бойынша қарызға батқан азаматтар 2019 жылдың 31 желтоқсанына дейін негізгі соманы төлесе, берешегінің өсімпұлы кешіріледі. Салық төлеушілер атында қарызының бар-жоғын Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтынан біле алады.

Еске салайық, 2019 жылдың 30 қыркүйегінде жарияланған тізімдегі 100 азаматтың жалпы қарызы 286 019 395 теңге болған еді. Салыққа рақымшылық жасау шарасы 2019 жылдың 16 шілдесінде басталды.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!