16 шілдеден бастап жеке тұлғалардың салық берешегі кешіріледі

Қанат Баеділов салық рақымшылығын жүргізу қағидалары бекітілетінін және жақын арада аумақтық мемлекеттік кірістер департаменттерінің назарына жеткізілетінін айтты.

Вице-министрдің айтуынша, арнайы Жол картасы бекітілді, оның аясында мемлекеттік кірістер органдары салық рақымшылығын жүргізу тәртібі туралы халыққа кеңінен түсіндіреді, соның арқасында әрбір азамат осы жылдың соңына дейін есептелген өсімпұлдарды алып тастау науқанын пайдалана алады.

2019 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 1,4 миллион жеке тұлғаның жалпы сомасы 20,9 миллиард теңге болатын салық берешегі бар, оның ішінде негізгі борыш — 14,3 миллиард теңге, есептелген өсімпұлдар — 6,6 миллиард теңге. Салық берешегінің ең көп сомасы немесе 70%-і — көлік құралдарына салынатын салық. Жер салығы бойынша берешек — 12%, мүлік салығы — 6,7%, — деді Қанат Баеділов.

Жыл басынан бері мемлекеттік кірістер органдары жеке тұлғаларға салық рақымшылығын жүргізу үшін үлкен дайындық жүргізді. Атап айтқанда, уәкілетті органдар деректер базасын салыстырып тексерді, салық төлеушілердің дербес шоттарын өзектендіру мақсатында есептеулердің толықтығы мен дұрыстығын анықтау үшін дербес шоттарды түгендеді.

Қаржы вице-министрінің айтуынша, рақымшылық шарасының маңызы — жеке кәсіпкер емес, бірақ кәсіпкерлік қызметтен туындайтын салық берешегі бар жеке тұлғалардың берешегін есептен шығаруға мүмкіндік беру.

Бұл жерде көрсетілген берешек 2002-2003 жылдары салық органдарының жергілікті жүйеден жалпы республикалық салық ақпараттық жүйесіне (БСАЖ) көшуі кезінде пайда болған. 2019 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша сомасы 700 миллион теңге, оның ішінде негізгі борышы 400 миллион теңге, өсімпұлы 300 миллион теңге болатын салық берешегі 16 мыңнан астам жеке тұлғада болған, — деді вице-министр.

Қанат Баеділовтің айтуынша, жеке тұлға салық бойынша негізгі қарызды төлеген жағдайда өсімпұл есептен шығарылады.

Салық төлеушілерге бұл үшін ешқайда барудың қажеті жоқ, мемлекеттік кірістер органдары күн сайын жеке тұлғалардың дербес шоттарының жай-күйіне мониторинг жасайды және олар негізгі борышты төлеген кезде өсімпұлды алып тастау туралы тиісті шешім шығарады, — деді ол.

Қаржы министрлігі 2019 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша салық берешегі бар барлық азаматты салықты өсімпұлсыз төлеу мүмкіндігін пайдалануға үндейді.