16 шілдеде жеке тұлғалардың салығы бойынша өсімпұлдарды есептен шығару жолымен іске асатын салық рақымшылығы басталды.

2019 жылдың соңына дейін әрбір азамат есептелген өсімпұлдарды есептен шығару жөніндегі осы науқанды пайдалана алады.

Статистика деректері бойынша осы жылғы 1 қаңтарда 1,4 миллион жеке тұлғаның жалпы сомасы 20,9 миллиард теңге болатын салық берешегі бар екені анықталды, оның ішінде негізгі борыш — 14,3 миллиард теңге, есептелген өсімпұлдар — 6,6 миллиард теңге.

Салық берешегінің ең көп сомасы немесе 70%-і (14,4 миллиард теңге) көлік құралдарына салынатын салыққа тиесілі.

Жер салығы бойынша берешек — 12% (немесе 2,5 миллиард теңге), мүлік салығына 6,7% (немесе 1,4 миллиард теңге) тиесілі.

Борышкерлердің басым бөлігі — жеке тұлғалар Шымкентте (шамамен 148 мың), Түркістан облысында (139 мың), Жамбыл облысында (116 мың) және Нұр-Сұлтанда (114 мың) тіркелген.

Өңірлер бойынша салық берешегінің ең көп сомасы Алматыда — 5,5 миллиард теңге, Нұр-Сұлтан және Маңғыстау облысында 2 миллиард теңгеден, Шымкентте 1,6 миллиард теңге.

2019 жылдың басынан бастап мемлекеттік кірістер органдары деректер базасын уәкілетті органдармен салыстырып тексеру және салық төлеушілердің дербес шоттарын өзектендіру мақсатында есептеулердің толықтығы мен дұрыстығы мәніне дербес шоттарды түгендеуді жүргізді.

Осыған байланысты рақымшылық жасаудың маңызды шарасы — жеке кәсіпкерлер емес, бірақ кәсіпкерлік қызметтен алынатын салық бойынша берешегі бар жеке тұлғаларға салық берешегін есептен шығару мүмкіндігі.

Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, бұл берешек 2002-2003 жылдары жергілікті салық органдарынан жалпы республикалық салық ақпараттық жүйесіне (БСАЖ) ауысқан кезде пайда болған.

Мұндай салық берешегі 2019 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 16 мыңнан астам жеке тұлғада 700 миллион теңге сомасына есепке алынған, оның ішінде негізгі борыш — 400 миллион теңге, өсімпұл — 300 миллион теңге.

Өсімпұлды есептен шығарудың жалғыз шарты — жеке тұлғаның салық бойынша негізгі борышты төлеуі. Салық төлеушілерге бұл үшін ешқайда барудың қажеті жоқ, мемлекеттік кірістер органдары күн сайын жеке тұлғалардың дербес шоттарының жай-күйіне мониторинг жүргізеді және олар салық төлеуші 3 жұмыс күні ішінде негізгі борышты төлеген кезде өсімпұлды кешіру туралы тиісті шешім шығарады.

Салық төлеуші 2019 жыл ішінде өткен жыл үшін негізгі борыш пен салық бойынша өсімпұлды төлеген жағдайда өсімпұл сомасы қайтарылады. Ол үшін мемлекеттік кірістер органдарына өтініш беру қажет.