«Қазгидромет» кәсіпорнының Гидрометорталығының мамандары алдағы қыс маусымының ауа райына қатысты болжамды жария етті. Кәсіпорынның баспасөз қызметі Орталық коммуникациялар қызметінде осы тақырыпқа арналған баспасөз мәслихаты өткенін хабарлады.

Гидрометорталық директоры Марина Шмидттің айтуынша, алдын ала болжам бойынша қараша айында ауа температурасы Қазақстанның көп бөлігінде нормадан 1 градус жоғары, еліміздің батысы мен шығысында норма шамасында болады. Қазақстанның көп бөлігінде жауын-шашын климат нормасы шамасында, қиыр оңтүстікте және солтүстік-шығыстың кей өңірінде нормадан көп, оңтүстік-батыста нормадан аз түседі.

Қыстың алғашқы екі айында республикамыздың басым бөлігінде күн салыстырмалы алғанда жылы болады деп болжанып отыр, бірақ ауа температурасы климат нормасынан 3-5 градус төмендейтін күндер де болуы мүмкін, — деді Марина Шмидт.

Қазақстан аумағы бойынша циклондардың және олармен байланысты атмосфера фронттарының жиі өтуіне байланысты желтоқсан айы жауын-шашынды болады деген болжам жасалды. Гидрометорталықтың ауа райын ұзақ мерзімге болжау басқармасының басшысы Жұлдыз Исабекованың айтуынша, ақпан айында Кар теңізі аудандарынан суық ауа массаларының жиі басып кіруіне және Сібір антициклонының орнауына байланысты Қазақстан аумағындағы ауа температурасы нормадан 1-2 градус төмен болады. Республиканың оңтүстік-батыс бөлігінде жауын-шашын аз түседі, солтүстік-шығыста нормадан ауытқымайды.

Гидрометеорологтардың мәліметінше, 2020 жылдың көктемі күнтізбеге сай көктем туады. Ауаның орташа айлық температурасы Қазақстанның басым бөлігінде нормадан 1 градус жоғары, еліміздің оңтүстік және оңтүстік-шығыс бөлігінде норма шамасында болады.

Көктемде еліміздің көп бөлігінде жауын-шашын мөлшері норма шамасында, республиканың оңтүстік және шығысындағы таулы аудандарда нормадан көп болады деген болжам бар, — дейді Жұлдыз Исабекова.

Маусымдық болжам ауа температурасы мен жауын-шашынның климат нормасынан ауытқитынын білдіреді, яғни ай нормаға қатысты жылы немесе суық, жаңбырлы немесе құрғақ болады деген болжам жасалады.

Спикерлер маусымдық болжамның 60-65% дәл келетінін айтып отыр, ол кейін ай, онкүндік, апта бойынша нақтыланады.