Осы жылдың қаңтар-қыркүйек айларында білім саласына аударылған инвестиция былтырға қарағанда 3,5% өсіп, 143,5 миллиард теңгеге жетті, бұл — негізгі капиталға салынған инвестицияның жалпы сомасының 1,7%-і. Былтыр қаңтар-қыркүйек айларында білім саласының инвестициясы 27% азайып, 138,6 миллиард теңге болған еді.
2018 жылы білім саласына салынған инвестиция айтарлықтай азайды: 204,9 миллиард теңге, ол 2017 жылғы (264,1 миллиард теңге) көрсеткішке қарағанда 22,7% аз. Инвестиция көлемі 2019 жылы да көбеймеген еді, жылдың алғашқы жартысындағы 75,5 миллиард теңге былтырғы жартыжылдыққа қарағанда 12,2% төмен. Тоғыз айдың қорытындысынан соң ғана көрсеткіш былтырғы деңгейден асты.
Қазір Қазақстанда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік дами бастады. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің мәліметінше, білім беру саласында осындай әріптестік бойынша 558 жоба іске асырылып жатыр. Тартылған инвестицияның жалпы көлемі — 243 миллиард теңге.
Білім саласындағы инвестиция бизнес пен республикалық бюджет қаражаты есебінен артып отыр. Қаңтар-қыркүйек айларында бизнестің өз қаржысы 31,4 миллиард теңгеден 38,5 миллиард теңгеге, республикалық бюджет қаражаты 46,9 миллиард теңгеден 53,5 миллиард теңгеге көбейді. Салаға жергілікті бюджеттен 51 миллиард теңге бөлінген, былтырғы көрсеткіш бұдан 7,5% көп болған (55,1 миллиард теңге).
Finprom.kz мәліметінше, биыл банктер білім саласын несиелендіруді айтарлықтай азайтқан. Тоғыз айда берілген несие сомасы 256,1 миллион теңге болды, былтыр 3,6 миллиард теңге берілген.
Биыл білім саласына аударылған инвестиция көлемі бойынша Нұр-Сұлтан алда тұр: 30,2 миллиард теңге, алғашқы үштікке Түркістан және Алматы облыстары да кіреді. Түркістан облысында білім саласына бөлінген инвестицияның жалпы сомасы — 23,1 миллиард теңге, Алматы облысында 21,3 миллиард теңге болды.