Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары өзгерді

Ержан Жиенбаев ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары болып тағайындалды. Ақорда сайты Қасым-Жомарт Тоқаевтың тиісті жарлығын жария етті.

Ержан Нұрланұлы Жиенбаев Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары болып тағайындалсын, — делінген Президент жарлығында.

2019 жылдың шілдесінде Ержан Жиенбаев ҚР Премьер-министрі кеңсесі басшысының орынбасары қызметіне тағайындалған еді. Ол 1981 жылы Алматыда дүниеге келген. 2002-2005 жылдары ҚР Қаржы министрлігі жүйесінде еңбек етті, 2005 жылдан бастап Премьер-министр кеңсесі құрылымында аға сарапшы, бас сарапшы, бас кеңесші, сектор меңгерушісі, кеңсенің заң бөлімі меңгерушісінің орынбасары, кеңсенің заңнама, қорғаныс және құқықтық тәртіп бөлімі меңгерушісінің орынбасары, кеңсенің заң бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарған.

Айта кетейік, 2019 жылғы 18 қыркүйектен бері ҚР Президенті Әкімшілігін Ержан Қошанов басқарады.

Ержан Жиенбаев Әлия Рақышеваның орнына тағайындалып отыр.

Мемлекет басшысының жарлығымен Әлия Ғалымжанқызы Рақышева басқа жұмысқа ауысуына байланысты Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары қызметінен босатылды, — делінген құжатта.

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Әлия Рақышева Мемлекет басшысының өкімімен Президенттің кеңесшісі қызметіне тағайындалды.