Елбасының баспасөз қызметінің хабарлауынша, Цукуба университеті — өзінің терең тарихымен танымал әлемдік деңгейдегі білім беру және зерттеу орталығы.
Цукуба — Нобель сыйлығының лауреаттары ең көп шыққан жапон университеттерінің қатарында. Университетіңіз қазақстандықтар арасында да үлкен сұранысқа ие, біздің 105 студентіміз Цукуба дипломын алды. Олардың көбі «Болашақ» бағдарламасының стипендиаттары, — деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев берілген құрметті доктор атағы қазақстандықтарға деген құрметтің белгісі екенін айтты.
Қазақстанда әрқашан білім беру мен жастар саясатын дамытуға үлкен мән бергенімді атап өткім келеді. Елімізде білім беру мәдениеті қоғамның ажырамас бөлігіне айналғаны бізді қуантады, — деді Елбасы.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті марапаттау рәсіміне қатысушыларды император Нарухитоның таққа отыруымен және Жапонияда «Рейва» дәуірінің басталуымен құттықтады.
Нұрсұлтан Назарбаев Токиоға Жапония Премьер-министрі Синдзо Абэнің арнайы шақыруымен император Нарухитоның таққа отыруына арналған ресми шараға қатысуға барған еді. Тұңғыш Президенттің баспасөз қызметінің мәліметінше, император тағы мұрагерін ұлықтау рәсіміне 175-тен астам елдің өкілі келді. Сапар барысында Қазақстанның Тұңғыш Президенті бірнеше екіжақты кездесу өткізуді жоспарлаған.