Қазақстанның 3 банкі — «ЦентрКредит банкі», «Сбербанк» және Halyk Bank қолданыстағы «7-20-25» және «Баспана Хит» бағдарламалары шеңберінде әскери қызметшілер мен арнайы мемлекеттік органдар қызметкерлеріне арналған жобаны іске қосты.

«Баспана» ипотекалық ұйымы» АҚ сыртқы коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, әскерилерге арналған ипотека екінші деңгейлі банктер іске асырып жатқан тұрғын үй бағдарламаларының мүмкіндігін айтарлықтай кеңейтеді және әскери қызметшілер мен арнайы мемлекеттік орган қызметкерлерінің тұрғын үй мәселелерін шешуге оң ықпал етеді.

Әскерилер үшін «7-20-25» және «Баспана Хит» ипотекалық бағдарламаларының негізгі талаптары бұрынғыдай қалады. Бірақ банктің қаржы талдауы кезінде әскерилер мен арнайы орган қызметкерлерінің ай сайынғы тұрғын үй төлемдері мен жалақысын ескеріліп, оларға мейлінше тиімді несие ережелері белгіленеді, яғни олардың өтінішін мақұлдау мүмкіндігі артады.

Әскерилерге ипотека қарызын алу үшін мынадай негізгі талаптар қойылады:

— уәкілетті органдар тарапынан әскери қызметшінің тұрғын үйге мұқтаж деп танылуы;

— үш банктің (Halyk Bank, «ЦентрКредит банкі» және «Сбербанк») кез келген біреуінде тұрғын үй төлемдерін есепке алу үшін ағымдағы арнайы шот ашу;

ипотека бағдарламалары аясында банктер талап ететін басқа да құжаттардың болуы.

«Баспана» ұйымы «7-20-25» бағдарламасы бойынша кредиттеу мөлшерлемесі жылдық 7%, бастапқы жарнасы 20%-дан басталатынын және кредиттеу мерзімі 25 жылдан аспайтынын еске салады. Бұл бағдарлама бойынша пәтерлер бастапқы тұрғын үй нарығынан беріледі. «Баспана Хит» бағдарламасы бойынша кредиттеу мөлшерлемесі жылдық 11%, бастапқы жарнасы 20%-дан басталады және кредиттеу мерзімі 15 жылдан аспайды. «Баспана Хит» бойынша тұрғын үйді бастапқы нарықтан да, қайталама нарықтан да сатып алуға болады.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!