Қазақстандықтар "Баспана Хит" бағдарламасы бойынша қайталама нарықтан 13 мыңнан астам пәтер сатып алған. Бұл тұрғын үйді бастапқы нарықтан ғана сатып алуға мүмкіндік беретін "7-20-25" бағдарламасына қарағанда үш мың пәтерге артық.

Алайда мақұлданған кредиттер сомасы «7-20-25» бағдарламасы бойынша 120 миллиард теңге, «Баспана Хит» бағдарламасы бойынша 104 миллиард теңге болды.

«Баспана Хит» пен «7-20-25» бағдарламасы бойынша қарыз алушылардың 62%-інің ай сайынғы төлем сомасы 100 мың теңгеден аспайды. Қайталама нарықтан сатып алынған тұрғын үйлердің орташа құны — 9,8 миллион теңге. «Баспана» ипотекалы ұйымы» АҚ баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл «7-20-25» бағдарламасы бойынша сатып алынған тұрғын үйлердің орташа құнынан 4,5 миллион теңгеге арзан.

«Баспана Хит»  ипотека өнімінің «7-20-25» бағдарламасымен салыстырғанда басым болуы — заңды нәтиже. «7-20-25» енгізілгенге дейін құрылыс салушылар Нұр-Сұлтан, Алматы, Атырау, Ақтау, Шымкентте құны 25 миллион теңгеге дейін және басқа өңірлерде 15 миллион теңгеге дейін жететін тұрғын үй құрылысы секторын өздері үшін қарастырмаған. Қазіргі кезде компаниялар өздерінің құрылыс жоспарларында «7-20-25» бағдарламасын ескеретін болды. Мамандардың айтуынша, сол себепті құрылыс жүргізу мен пайдалануға берудің бүкіл кезеңін ескере отырып, қазақстандықтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету міндетін жаппай шешу үшін кемінде екі-үш жыл өтуі керек.

Біз бағдарламаның іске қосылуының бастапқы кезеңдерінде-ақ сандық көрсеткіш бойынша «Баспана Хиттің» «7-20-25» бағдарламасын басып озатынына сендік. Себебі нарық мұндай сұранысқа дайын болған жоқ. Қайталама нарықтың тереңдігі бастапқы нарыққа қарағанда әлдеқайда артық. Бірақ эконом-кластағы жаңа ғимараттардың саны көбейгенімен үрдіс 7-20-25 бағдарламасының пайдасына өзгеруі мүмкін, — дейді «Баспана» ипотекалық ұйымы басқарма төрағасының орынбасары Рүстем Қыдықов.

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының тапсырмасына сәйкес Ұлттық Банк 2018 жылы маусымда «7-20-25» бағдарламасын іске қосты. Бағдарлама арқылы жаңадан салынған құрылыстан 7% жылдық мөлшерлемесімен, 20% және одан жоғары бастапқы жарнасымен 25 жылға дейін несие беріледі. Алайда сұраныс қарыз алушылар арасында пәтерді қайталама нарықтан сатып алу қажеті бар екенін көрсетті. Осыған байланысты 2018 жылы қыркүйекте 10,75% жылдық мөлшерлемесімен, 20% және одан жоғары бастапқы жарнасымен және 15 жылға дейінгі кредиттеу талаптарымен «Баспана Хит» өнімі іске қосылды. Екі өнім де экономика тұрғысынан белсенді қазақстандықтарға бағдарланған. Осы бағдарлама бойынша ипотеканы сегіз банк береді: «Банк ЦентрКредит», «Сбербанк», «Халық банк», «Еуразиялық банк», «АТФБанк», Bank RBK, Jysan банк және Forte Bank.