Сандира Белгібаева жас кәсіпкер
Сандира Белгібаева, жас кәсіпкер ©SZH.KZ

Бала кезімде өзімнің азық-түлік дүкенім мен сән салонымды, киім-кешек бутигімді ашуды армандайтынмын. Алматыдағы №156 орта мектептің 9-сыныбын үздік аяқтап, бухгалтерлік колледжге оқуға түстім. 15 жасымнан бастап, сабақтан тыс уақытта даяшы болып істедім. Кейін ойынханада кассир болдым. Еңбекақымның бір тиынын артық шығармай, жинайтынмын. Қаражаттың басы құралған соң ата-анаммен бірігіп азық-түлік дүкенін аштық. Ол кезде жасым 18-де еді. Каспий университетінде оқуымды қаржыгер ретінде жалғастырып жүріп, дүкенді айналдырдым. Табысқа жеткенде маникюр жасауға деген қызығушылығым оянды. Тырнақ егеп, бояп, оған сурет салуды үйрендім. Оған қоса, бетімнің терісі мәселелі болды. Оны емдету үшін үш жыл бойы талай косметологтар мен дермотологтардың табалдырығын тоздырдым. Соңында танысым арқылы бір косметологқа бардым. Алайда ол теріні емдемейді, тек емдеп үйрететін еді. Ол кісіден косметологияның қыр-сырын меңгердім, өз бетімді тазарттым. Кейін үй-үйге шығып, косметолог қызметін көрсеттім.

Бет теріңіз мәселелі болса, оны өз бетіңізбен ешқашан емдемеңіз. Ашық базарлардан түрлі құралдарды сатып алып, бәрін бетіңізге орынды-орынсыз жаға беруге болмайды. Қазір әлеуметтік желілерде бет терісін тазартатын қара маска жарнамаланып жүр. Ол жаман демеймін, тазартады, бірақ тері саңылауларын одан сайын кеңейтіп жібереді. Тағы бір айтарым, гормональді кремдерді пайдаланғанда сақ болу керек. Тері оған тез тәуелді болады. Себебі, олар тәуелділік тудыру арқылы сатылымды көбейту үшін арнайы гормондар қосады. Сондықтан бірінші дермотологпен, кейін косметологпен кеңесіп алу керек. Бір нәрсе сатып алмас бұрын, солармен ақылдасыңыз. Біреуге жақсы әсер еткен құрал сізге дәл солай әсер етпейді. Себебі әркімнің терісі әр түрлі. Мысалы, менікі құрғақ болса, біреудікі майлы, екіншісінікі аралас. Сондықтан теріңіздің типін анықтап, косметиканы соған лайықтап алыңыз.

«Бизнес бастау үшін арнайы курс оқыдым»

Қайрат Құдайбергеновтың («THS Group» құрылыс корпорациясының бас директоры, кәсіпкер — авт.) парақшасынан жас кәсіпкерлер клубының ашылғанын оқыдым. Онда «Даму» бағдарламасы арқылы кәсіп бастау жолдарын үйрететіні жазылыпты. Қатыстым. Бір де бір семинарды жіберген жоқпын. Белсенді болдым. Біраз мотивация алдым. Соның нәтижесінде сән салонын ашу туралы арманымды іске асыруға білек сыбана кірістім.

Ақылы бизнес курстарды кейбіреулер ештеңе үйретпейді, тек бизнес жасаудың жолы деп ойлайды. Мен сондай курсқа қатысқан адам ретінде айтайын, бұл бос сөз. Егер адамдар өмірде бір нәрсеге қол жеткізсе, оның сырын  көпшілікпен бөліскісі келеді. Сіз олармен сөйлескенде өзіңізге қажетін алуға тырысу керексіз. Әрине, ол курсты оқығандардың бәрі бірден бизнесмен болып кетпейді, бірақ, әр сабақтан бизнесменге керекті бір қасиет алады, ой түйеді. Қысқаша айтайыншы, бәрі өзіңізге байланысты. Бір нәрсе алғыңыз келсе, аласыз. Егер ол бизнес жасап жатыр, мен біреуді байытып отырмын деп ойласаңыз, солай болады.

Ең бірінші қолға алғаным – сән индустриясына арналған семинарларға қатысу болды. Кейін ғимаратты жалдадым. Құрылғыларды, қажетті өнімдерді алдым… Бәріне 2 миллион теңге кетті.

сертификаттар Сандриа Белгібаева жас кәсіпкер
©SZH.KZ

«Шеберлерімді өзім алмастыра аламын»

Менің әпкем маникюр шебері. Ол маған үлкен қолдау болды. Әпкеммен оның құрбысы келді. Қалған шеберлерді Instagram желісі арқылы іздедім. Шаш сәнінен шебер табу өте қиын. Бұл салада тәжірибесі көптері жылы жерлерін тастап, жаңа ашылған салонға жұмысқа тұрғысы келмейді. Жас шеберлер өте аз. Хабарландырудан нәтиже болмаған соң, өзім шаш сәнінен курс оқи бастадым. Онда босқа жүрмей, оқуға келген әр қыздың жұмысын бақыладым. Бір қыздың жұмысы қатты ұнады. Кейін оны жұмысқа шақырдым, келісті. Осылайша, бұл кішігірім қиындықты еңсердім.

Қазір шаш, кірпік, макияж, маникюр мен косметологиядан барлығы 5 шебер бар. Өзім косметологпын. Алайда, сұлулық салонына қажетті барлық курстарды оқып шықтым. Шеберлер белгілі бір себептермен жұмысқа келмесе, оларды алмастыра аламын.

Күніне 15 мың теңге табыс түседі. Алайда, толық табысқа әлі шыққан жоқпыз. Ашылғанымызға алты ай ғана болды ғой…

Салон ҚазҰУ қалашығында орналасқан. Негізгі клиенттеріміз – студенттер. Қазір бұл қалашықта үш сән салоны бар. Біз олардан маникюр сияқты жиі жасалатын қызмет түрлерінің бағасын төмен қойдық. Себебі студенттердің көбі шәкіртақыға күн көретінін ескереміз. Жеңілдіктер де жасап тұрамыз.

маникюр сұлулық салоны
Beauty Empire сұлулық салонының негізгі клиенттері — студенттер , ©SZH.KZ

Макияж жасағанда қажетті жерлерін ғана мөлшерімен бояу керек. Мысалы, көздеріңіз кішкентай болса, қою түстермен бояп, визуалды түрде үлкейтуге болады. Егер еріндеріңіз табиғи түрде үлкен болса, оны қып-қызылға бояудың қажеті жоқ.

Кішкентай кезімнен алдыма қойған мақсатыма жетіп үйреніп қалғанмын. Егер бір нәрсеге қол жеткізгім келсе, оған жетпей қоймаймын. Қазір бірдеңе тындырдым, мен мынаны істедім дей алмаймын. Бәрін енді бастадым. Қандай жетістікке жететінім, алда не күтіп тұрғаны бір Аллаға ғана аян. Мен жай ғана қолымнан келетініне сенемін. Бастамамыз жаман емес. Мүмкін жаңа бір нәрсе қосармыз… (ойланып қалды). Жоспарларыммен бөліскім келмейді. Одан да қол жеткізіп, іске асырған кезде ғана көпке жария болғанын қалаймын. Алайда, 5 жылдан кейін мен өзімді үлкен бизнес-леди ретінде көремін.

Сандира Белгібаева жас кәсіпкер
©SZH.KZ

Өзімді дамыту үшін түрлі семинарларға қатысамын. Биылғы жазда Түркияда өткен шаш сәнінен шеберлікті арттыру курсына бардым. Салонымдағы шеберлерден бір нәрсе талап етуім үшін өзім олардың ісінен хабардар болуым керек емес пе? Мен осы жағыммен ғана қызметкерлеріме үлгі бола аламын. Оларға бір нәрсе үйретемін дей алмаймын. Керісінше, менің де олардан үйренетін кездерім болады.

©SZH.kz
©SZH.KZ

Әрдайым ізденісте боламын. Өзіме қажетті шеберлерді толық жинай алмай келемін. Қаншама адам келіп-кетіп жатыр. Тек тырнақ және кірпік шеберлері ғана тұрақты қалды. Бәрін жинақтап алайын, содан кейін оларға танымал сұлулық шеберлерінің сабағын өткізу немесе оларды түрлі курстарға жіберу туралы жоспарларым бар.

Шетелге шыққан сайын ағылшын тілінен қиналамын. Біз оны 5-сыныптан бастап оқыдық. Әр ай сайын ағылшын мұғалімі ауысып кететін. Оның үстіне мектептегі ең бұзық сыныпта оқыдым(күлді). Сыныптас ұлдар әр келген мұғалімге «Ал, біз оны оқыған жоқпыз, біз оны білмейміз, әліппеден бастап жатқанбыз», дейтін. Сөйтіп, әр келген ұстаз сабағын бізге ағылшын әліппесін үйретуден бастайтын. Қазір ағылшын курсына қатысып жүрмін. Сондықтан балаға бірінші сыныптан бастап ағылшын тілін оқытуды дұрыс деп санаймын. 

«Киім дүкенін ашамын»

Бала кезімдегі армандарым ақырындап орыдалып келеді. Дүкенім болса ғой дедім, болды. Сән салонын ашсам ғой дедім, аштым. Бұнымен тоқтап қалмаймын. Енді киім дүкенін ашсам деп жүрмін.

Әрине, барлық адамда бәрі жақсы бола бермейді. Өмірімде қатты қиналған кезде ең бірінші Аллаға арқа сүйеймін, дұға жасаймын. Одан кейін ата-аналарыммен кеңесемін. Нені дұрыс, нені бұрыс жасағанымды талқылаймыз. Олар маған қолдау білдіріп, дұрыс бағыт сілтейді.

Сандира Белгібаева жас кәсіпкер
©SZH.KZ

Маған өз өміріне жауапсыз қарайтын адамдар ұнамайды. Қазір жай ғана өмір сүретін, жұмысы жоқ, мүлкі жоқ, «дайын асқа – тік қасық» болғысы келетін, бәрі аспаннан түсетін сияқты күтіп жүре беретін жігіттер көп. Ондайларды қабылдай алмаймын. Адам бір нәрсеге жеткісі келсе, еңбек етуі керек. Сонда ғана табысын көреді.

«Әзірге бизнес, бизнес, тағы да бизнес»

Мен өмірімді 5 жыл бұрын жоспарлап қоямын. Қыз бала болған соң, әрине, мен үшін ең бірінші орында өмірлік мұратым – отбасын құру тұрады. Неге мен бұл бизнесті жасап жүрмін? Себебі, жоғарыда даяшы, кассир, сатушы болып қызмет еткенімді айттым ғой. Сонда мен бір нәрсені ұқтым. Бұл жұмыстар отбасылы әйелдерге арналған жұмыс емес. Себебі сен таңнан кешке дейін отбасыңа бөлу керек уақытыңды жұмысқа арнайсың. Сондықтан өз ісімді ашып, осы саланы таңдадым. Бизнес өзіңдікі болғандықтан, қажет уақытында жұмысты қоя тұрып, отбасыңа уақыт бөлуге болады. Бірақ қазір басым бос. «Өзімнің адамымды» әлі кездестірмедім. Алла жазса, тұрмысқа шыққан соң, отбасым бірінші орынға шығады. Ал әзірге бизнес, бизнес, тағы да бизнес (күлді).

Сандира Белгібаева жас кәсіпкер
«Өзімнің адамым» қандай болуы керек? Мен оның жанында нәзік жанды екенімді сезінуім керек. Ол маған кеңес беріп, қолдау таныта алатын, арқа сүйеуге тұрарлық адам болғанын қалаймын. Сондықтан жас жігіттермен араласа алмаймын. Олар мен үшін жеңілтектеу сияқты. Ал жасы үлкендердің көбі үйленіп алған — Сандира Белгібаева, ©SZH.KZ

Бизнес маған не берді?

Материалды тұрғыдан алғанда, бизнес маған көлік мінгізді. Ал моральді тұрғыдан келсек, ертерек есейіп, өз болашағымның алдындағы жауапкершілігімді оятты.

Бала кезімде актриса болуды қаладым. Бірақ неге екенін білмеймін, сол салада ізденбеппін. Кейбіреулер актриса болғысы келсе, кастингтерге қатысып, экранға шығуға тырысады. Менде ондай болмапты. Бизнесті көп ойладым. Болашақта, барлық жұмысты аяққа тұрғызып алып, бос уақыт пайда бола бастағанда ораторлық курстарға баруды ойлап жүрмін. Содан бастайтын шығармын. Жаңа белесті бағындыруға ешқашан кеш болмайды.

«Соңғы сөз әрдайым сізде қалуы керек»

  1. Заманның ағысымен ағып кете бермей, болашақтарыңызды ертерек қамдаңыздар. Армандаңыздар, оларды іске асырыңыздар.
  2. Бизнес бастағыңыз келетін саланы дұрыстап зерттеу керек. Ол үшін сол салада біреудің қол астында болса да, жұмыс істеп көріңіз.
  3. Ешқашан өзіңізге сенімсіздік танытпаңыз.
  4. Жетістікке жеткен адамдармен жиі араласып тұрыңыз.
  5. Ешкімнің кеңесін тыңдамаңыз. Әркім өз жүрегінің сөзіне құлақ асуы керек. Бәрі сізге қолыңыздан келмейтінін дәлелдегісі келеді. Кім қандай кеңес берсе де, соңғы сөз әрдайым сізде қалуы керек.