Астананың 20 жылдығы: Air Astana үздік тауар жеткізушілерді марапаттады

Air Astana ұлттық әуе компаниясы Астананың 20 жылдығын мерекелеу аясында мемлекеттік сатып алуға қатысатын тауар жеткізушілердің басын қосып, бірегей өнімдерінің көрмесін өткізді.

Air Astana көрмесі
Фото: Валерий Калиев

Air Astana ұлттық әуе компаниясы Астананың 20 жылдығын мерекелеу аясында мемлекеттік сатып алуға қатысатын тауар жеткізушілердің басын қосып, бірегей өнімдерінің көрмесін өткізді.

Іс-шараның басты мақсаты – мемлекеттік сатып алуға қатысушыларға Air Astana әуе компаниясына қызмет көрсетуге қажет талаптар мен ережелерді түсіндіру.

Салтанатты шараны ашқан Air Astana әуе  компаниясының сатып алулар жөніндегі вице-президенті Диляра Күнқожаева жиналған қауымды елорданың мерейтойымен құттықтап, Air Astana әуе компаниясының тыныс-тіршілігімен таныстырды.

Air Astana көрмесі
Фото: Валерий Калиев

Атауын жас елорданың құрметіне алған Қазақстанның азаматтық авиациясының көшбасшысы “Эйр Астана” ұлттық әуе компаниясы 2001 жылы тіркеліп, өз жұмысын 2002 жылдың 15 мамырында Астана мен Алматы арасында 3 күнделікті рейстен бастаған. Ал қазір екі қала арасында күніне 9 рет қатынайды. Air Astana әуе паркінде батыста жасалған 33 ұшақ бар. Әуе компанияның бағдар желісі 60-тан астам ішкі және халықаралық бағыты қамтиды. Күні кеше 20 жылдығын атап өткен Астанамен өсіп келе жатқан компаниямыз 5000-ға жуық жоғарғы білікті жергілікті қызметкерлер мен тәжірбиелі шетелдік мамандарды жұмыспен қамтып отыр. Біздің 51 пайызымыз “Самұрық-Қазынаға” қарағанымен бір квазимемлекеттік секторға жатамыз. Егер ашық түрде айтатын болсақ, Air Astana – таза нарықтық компания. Себебі біз қазақстандық нарықта ғана емес, тек бұрынғы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы емес, басқа да халықаралық әуе компанияларымен бәсекелестікке түсеміз. Біз мемлекеттен ешқандай субсидиялар алмаймыз, ешқандай артықшылықтарға ие емеспіз. Керосинді де нарықта ұсынылатын бағамен аламыз. Сондықтан мұның барлығы тарифтердің бағасына әсер етпей қоймайды. Кіріс түсімі, жалпы алғанда, кез келген әуе компаниясында аз. Ал енді сіздердің “Біз неге Air Astana компаниясымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуіміз керек?” деген сұрақтарыңызға жауап беріп өтсем. Бірінші кезекте, біз алдағы 10 жылдықта “Самұрық-Қазынаның” мәліметінше, осы жылдың соңында немесе келесі жылы IPO-ға шығамыз. Қазіргі уақытта әуе кемелерінің паркін көбейту жоспарымызда бар. Сонымен қатар жолаушылар санын да ұлғайтқымыз келеді, яғни жолаушылар ағының қазіргі 4 миллионнан 9  миллионға жеткізуді көздеп отырмыз. Қазақстанда небәрі 18 миллион халық тұрады. Нарық кішкентай. Жалпы үлкен бизнес үшін адам саны өте аз. Біз бұл жағынан аумағы үлкен, халық саны аз Австралия, Канадаға ұқсаймыз. Бұл күні ішкі нарықты дамыту үшін, біз транзиттік потенциалымызды дамытуға арналған стратегияны жүзеге асырып жатырмыз. Мәселен, адамдар Делиден Лондонға ұшатын болса, алдымен Астана немесе Алматыдағы әуежайға тоқтап, әрі қарай өздерінің белгіленген жеріне барады. Ол үшін түрлі акциялар мен жарнамалар ұйымдастырылып жатыр. 2010 жылы бізде тек 10 мың транзиттік жолаушы болған, ал биыл олардың саны 478 мың жолаушыға жетті. Жолаушылар саны көбейген сайын қызмет саны да артады. Сондықтан біздің компанияға қызмет түрін ұсынушы мен тауарларды жеткізушілерден адалдық, этикалық принциптерді сақтауын және, әрине, сапа күтеміз. Баға да әрине кез келген бизнесте үлкен орын алады. Біз де жеткізілетін тауарлардың сапасы ақшасына сай болса екен дейміз. Кез келген адам өзіне зат сатып таңдағанда сапалы дүние алғысы келеді. Сол себепті біз сенім арта алатын жеткізушілермен жұмыс істегіміз келеді. Біз қашан да сұхбатқа ашық компаниямыз. Келісімшарттың талаптарын тиянақты орындасаңыздар, бірлесе жасаған жұмысымыздың нәтижесінде екі жақты да жетістікке жетеріміз анық, – деді Диляра Күнқожаева.

Сонымен қатар Air Astana ұлттық әуе компаниясы бірнеше жыл бойы өзімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп келе жатқан үздік жергілікті тауар жеткізушілерді марапаттады.

Олардың қатарында Астанада жиһаз жасаумен айналысатын “Бэст-Астана-НС”, полиграфиялық өнімдер шығарушы “Алма принт”, автомобильдің қосалқы бөлшектерін жеткізуші “СВС-Транс”, жанар-жағармаймен қамтамасыз етуші SinoOil, Алматыдан ұшатын әуедегі жолаушыларды тамақпен қамтамасыз етуші Almaty catering services, Астанадан ұшатын әуедегі жолаушыларды тамақпен қамтамасыз етуші Gate gourmet Central Asia, ауызсу жеткізуші “Айтим Астана”, арнайы киімдерді дайындаушы “КазСПО-N”, баспа қызметтерін ұсынушы “Интеллсервис” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, жиһаз жасаумен айналысатын “Бедел”, Алматыдағы Air Astana компаниясының қызметкерлерін тасымалдаушы “Маремуха” жеке кәсіпкерлері бар.

Негізгі жиын ұлттық әуе компаниясына тауар жеткізушілердің бірегей өнімдерінің көрмесіне ұласты. Диляра Күнқожаеваның айтуынша, Air Astana ұлттық әуе компаниясының барлық қызметкерлеріне арнайы киімдер Қазақстанда тігіледі. Олардың ішінде ұшқыштар мен борт қызметкерлерінің киімдерін Glasman компаниясы дайындайды екен.

Бұл көріп тұрғандарыныздың барлығы – біздің борттарда берілетін тауарлар. Ал белгілі бір тауарларды естелік ретінде сатып алғысы келетін адамдар call-орталық арқылы анықтап, ала алады. Көрмеге қойылған тауарлардың барлығы дерлік Қазақстанда жасалып шығарылған. Тек мына жүктің шетіне іліп қоятын мәліметі бар кішкентай қағазшадан өзгелері. Бұларды шетелден арнайы тапсырыспен алдырамыз. Өзімізде жасап шығаруға қандай кедергі бар екенін білмедік. Бірақ Қазақстанда жолаушылардың жүктеріне арналған мұндай ақпараттық қағазшалар шығарылмайды. Мұнда біздің борттарда қолданылатын, авиацияға арнап ыдыс шығаратын халықаралық компаниялар өндірген ыдыс-аяқты да көруге болады. Алыс-жақын шетелге ұшатындар үшін әуеде өткізетін сағатына қарай берілетін тауарлар. Байқап қарасаңыз, бізбен ұшатын кішкентай балаларға да арналған ойыншықтарымыз бар. Тіпті, біздің қызметкерлердің аяқкиімдеріне дейін отандық өнім. Әуеде ұзақ уақыт өткізетіндердің аяқ киімдерінің сыртқы келбеті әдемі ғана емес, өте жайлы болуы тиіс. Ондай аяқ киімді бізге SAMHAT аяқкиім фабрикасы жеткізеді. Көрмеден көргендеріңіздей, қорыта айтқанда біз тауарларымыздың барлығын отандық өндірушілерден алуға тырысамыз. Себебі, екі тарап та заңға бағынатын болғандықтан екі жақты жауапкершілік жоғары болатыны анық. Сондықтан әуе компанияларына тауарларын ұсына алатын кәсіпкерлердің көп болғаны бізге де тиімді, – деді Диляра Күнқожаева.

Air Astana көрмесі
Фото: Айнұр Марат

Бұл күні, Air Astana ұлттық әуе компаниясы Астананы таяу және алыс шетелдегі ірі қалаларымен байланыстырып, ыңғайлы түйісулермен қоса транзиттік мүмкіндіктерді ұлғайтуды жалғастыруда.

2018 жылы әуетасымалдаушы Астанадан Түменге және Қазанға жаңа рейс ашып, Астанадан Лондонға рейс күнделікті жасалатын болды. Халықаралық рейстер саны 2011 жылмен салыстырғанда 4 есе көбейіп, аптасына 117 рейсті құрап отыр.

Қазақстанға туристерді тарту үшін Air Astana “Стоповер Холидейс” бағдарламасын енгізген. Алғашқы тәулік үшін компания рейсімен келіп ары қарай ұшатын жолаушыға 1 АҚШ долларына қонақ үй, таңғы ас пен әуежайдан қонақ үйге және керісінше көлік ұсынылады. Соңғы 2,5 жыл ішінде бағдарламаны 21 мың адам қолданған.

Маршруттық желіні кеңейтуден басқа әуекомпания авиациялық-техникалық базаны жетілдіруде, бұл Астана қаласының аймақтағы авиациялық және транзиттік хабы ретінде өркендеуіне жағдай туғызады. Сонымен қатар, биыл компания Нұрсұлтан Назарбаев әуежайы аумағында авиациялық-техникалық орталықты іске қосқан болатын. Онда меншікті және өзге әуекомпанияларының ұшақтарына техникалық қызмет көрсетіледі.

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!