Зүлфия Ғабидуллина ІІІ Азия параойындарының чемпионы атанды

Индонезияда өтіп жатқан ІІІ Азия параойындарында Рио-де-Жанейро Паралимпиадасының чемпионы Зүлфия Ғабидуллина 100 метрге еркін жүзуден алтын медаль жеңіп алды.

ҚР Ұлттық паралимпиада комитетінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бүгін Қазақстан параспортшылары үш алтын медаль жеңіп алды. 50 метрге баттерфляй әдісімен жүзуден Сиязбек Дәлиев және 100 метрге еркін жүзуден Ержан Сәлімгереев бірінші орын алды. Үшінші алтын медальді халықаралық санаттағы спорт шебері Зүлфия Ғабидуллина иеленіп отыр. Зүлфия Ғабидуллина 2014 жылы да Азия параойындарында чемпион атанып, 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өткен Паралимпиадада тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы алғашқы алтын медальді жеңіп алған еді.

Қазіргі уақытта Джакартада өтіп жатқан Азия параойындарында Қазақстан барлығы 12 медальға қол жеткізіп отыр: 3 алтын, 4 күміс және 5 қола жүлде.

Еске салайық, ІІІ Азия параойындары 6 қазан күні басталды. Ойындар 13 қазан күні аяқталады. Қазақстанның атынан параойындарға 91 спортшы аттанды. Олар спорттың 9 түрінен (үстел теннисі, парадзюдо, паражүзу, оқпен ату, парапауэрлифтинг, садақпен ату, шахмат, пара жеңіл атлетика, волейболды отырып ойнау) сынға түсіп жатыр. Бірінші орын иеленген спортшыға 10 мың доллар, екінші орын үшін 5 мың доллар және үшінші орынға 3 мың доллар көлемінде сыйақы белгіленген. Бұған дейінгі Азия параойындарына спорттың 9 түрінен 82 қазақстандық қатысып, 7 алтын медаль иеленген еді.

ДереккөзІnform.kz