Air Astana кеңсесіндегі кездесу

Біз Еркемен Air Astana-ның Алматы халықаралық әуежайына жақын орналасқан бас кеңсесінде кездестік. Бортсеріктерден бастап, ұшқыштар, механиктер мен Air Astana-ның басқа да қызметкерлері дәл осы жерде іріктеледі.

Бүгін Еркеге тест тапсыруға, сынақ сұхбаттан және мамандықты жедел оқыту курсынан өтуге тура келеді. Әнші емтихандарға дайындалып келіпті, дресс-кодты да ескерген. Кеңсеге кіреберісте бізді рекрутинг жөніндегі маман Самал Досанова қарсы алып, үміткерлерге қойылатын талаптар туралы айтып берді.

Air Astana қызметкерімен кездесу
Air Astana қызметкерімен кездесу. Фото: the-steppe.com

Талаптар көп емес екен:

  • Қазақ тілін білу
  • Ағылшын тілінде еркін сөйлеу
  • Қыздар үшін бой 165 см-ден, жігіттер үшін 170 см-ден кем болмауы керек
  • Қазақстан Республикасының азаматы болу
  • Сымбатты келбет
  • Жас шамасы 18 бен 34-тің аралығында болуы қажет.

Үміткер қытай, түрік тілдерін білсе және қызмет көрсету саласында тәжірибелі болса, құба-құп.

Іріктеудің бірінші кезеңі

Air Astana бортсерігіне қойылатын бастапқы талаптардың бірі – бойдың 165 см-ден аласа болмауы. Алайда бұл қызметте үміткердің бойының ұзындығынан бұрын оның ұшақ кабинасындағы белгілі бір нүктеге жете алуы маңызды.

«Бізге бортсеріктің сөрелерді ашып, апаттан құтқару құралдарын ала алуы және штаттан тыс жағдайларда жолаушыларға бастапқы көмек көрсету жөнінде шешім қабылдай білуі маңызды», — дейді HR-департамент менеджері Наталья Абдулатыпова.

Ерке бортсерікке қойылатын талаптардың бәріне сай келді. Сондықтан компания қызметкерлері оны келесі кезеңге – тестілеуден өтуге шақырды. Тестілеу қазақ тілі мен ағылшын тілі бойынша ғана өткізілді. «Орыс тілінен қиналатын адамдар өте сирек», — дейді компания өкілдері.

Ерке Есмахан
Ерке Есмахан Фото: the-steppe.com

Тест уақыты – 15 минут. Ол Ерке үшін оңай болып шықты: қазақ тілі – өзінің ана тілі, ал ағылшын тілін әнші оқушы кезінде үйренген екен. Компьютер экранынан көрінген сұрақтарға мүдірмей жауап беріп, тиісті ұпайын алды да, келесі кезеңге өтті.

Сұхбаттасу

Ерке үшін соңғы іріктеу кезеңі Air Astana әуе компаниясының рекрутёрымен сұхбат болды. Рекрутёрдың қолында Ерке толтырған сауалнама бар.  Сауалнамаға қарап отырып ол Еркеден немен айналысатынын және бұл ерекше мамандықты не себепті таңдағанын сұрады.

Ерке өз кәсібімен көп сапар шегетінін, көк аспанды ұнататындықтан және уақыт белдеуінің ауысуына шыдай алатындықтан бортсерік бола аламын деп есептейтінін айтты.

Ерке әр сұраққа ойланып жауап беріп жатқанда рекрутёр сауалнамаға жазба қалдырып отырды. Ол Еркенің өзін көрсете алу мүмкіндігін, қазақ және ағылшын тілдерінде еркін сөйлейтіні мен компаниядағы жұмысқа деген ынтасын қалай байқататынын бағалады. Барлық пункт бойынша Еркеде тек бестік баға.

Ерке сұхбаттасу кезінде
Ерке сұхбаттасу кезінде. Фото: the-steppe.com

Әдепкі жағдайда сұхбаттасу – топтық тапсырма алдындағы кіріспе. Сонымен қатар, ол іріктеу кезеңінің ең қызық бөлімі. Компанияның рекрутёрлары үміткерлерді топтарға бөліп, оларға командада шешілуі керек ситуациялық тапсырма-ойындар ұсынады.

Ойын барысында рекрутёрлар әр үміткердің өзгелермен өзара әрекеттесуін, клиентпен жұмыс істеу және стресс жағдайларын жеңе білу қабілетін бағалайды.

Униформаны алу

Бірнеше тапсырмадан өткен соң Ерке компания қызметкерлерінен оң жауап алды.

Емтихан мен тестілеуден және медициналық тексеруден сәтті өткен үміткерлер үшін енді ең қызық кезең басталады. Ол – мамандықты жедел оқыту курсы. Ұшақ жолаушыларына қызмет көрсетудің қыр-сырын бортсеріктер Қазақстанда өтетін тренингтерден үйрене алады. Ал ұшу қауіпсіздігі жөніндегі тренингтер Германиядағы Lufthansa және Condor оқу орталықтарында өткізіледі.

Кез келген бортсерікті оқытудың міндетті бөлігі – униформа кию стандарттары. Экипаждың сыртқы бітімі мінсіз болуы керек, себебі бортсерік – компанияның келбеті. Қарындаш белдемшеден, әдемі жейде мен пиджактан тұратын арнайы форманы кигеннен кейін Еркенің сырт келбеті түбегейлі өзгерді. Ол енді мамандықты меңгеруге дайын.

Ерке Есмахан униформада
Ерке Есмахан униформада. Фото: the-steppe.com

Бортсеріктерді оқыту

Біз Air Astana кеңсесінің төменгі қабатына түстік. Мұнда ұшақтың бизнес және эконом кластарға бөлінген оқу макеті бар. Кәдімгі ұшақтың іші сияқты: ыңғайлы орындықтар, жіңішке өткел, тіпті, жолаушыларға тағамды жылытып беруге болатын асхана да бар.

Бізді Air Astana жаттықтырушылары күтіп алды. Олар өте жинақы, ұқыпты киінген, жылы жүзді. Нағыз кәсіпқой мамандар осындай болуы керек шығар, сірә!

Бортсеріктің мінсіз образы үшін Еркеге бір ғана нәрсе жетіспей тұрды. Ол – фирма галстугы. Тәжірибелі бортсеріктердің бірі Еркеге галстукты дұрыс байлауға көмектесті.

«Бір ұшын үнемі қысқарақ, келесісін ұзынырақ етіп түю керек», — деді ол.

Бортсеріктің көмектесу сәтінде
Бортсеріктің көмектесу сәтінде. Фото: the-steppe.com

Қауіпсіздік техникасын көрсету

Қызметке жаңадан келген бортсеріктерге үйретілетін алғашқы да маңызды нәрсе – қауіпсіздік техникасы. Қауіпсіздік жөніндегі жаттықтырушы Болат  Еркеге апат кезіндегі шығу есіктерін көрсетті, бұл есіктерді қолдануды бортсеріктер Embraer 190 ұшақтарында жолаушыларға түсіндіруге тиіс. Ерке үшін бұл ақпарат жаңалық болған жоқ.

«Ұшақпен көп сапар шегетіндіктен бортсеріктердің бұл қимылдарын жатқа білемін», — дейді әнші.

Ерке қауіпсіздік техникасымен танысу кезінде
Ерке қауіпсіздік техникасымен танысу кезінде. Фото: the-steppe.com

Келесі жұмыс – құтқару жилеттерінің қолданылуын көрсету. Жеңіл қозғалыспен жилеттің жібін тартса, іші ауаға толады екен. Жаттықтырушы Болат оны бірнеше секунд ішінде киіп көрсетті. Мұны көрген Ерке «Қалай жылдам кидіңіз? Мен бұлай киіп үлгере алатыныма сенімді емеспін», — деп таңданды.

Ерке құтқару жилетін киіп үйренуде
Ерке құтқару жилетін киіп үйренуде. Фото: the-steppe.com

Ұшақ жолаушыларына қызмет көрсету

Жолаушылар орындарына жайғасты, қауіпсіздік техникасы түсіндірілді. Енді біз әуе сапары кезінде жолаушыларға қатты ұнайтын бөлімге келдік. Ол – тағамдарды ұсыну және қызмет көрсету әдебі.

Еркеге қызмет көрсету жөніндегі нұсқаушы Рустам көмектесті. Рустам қолына әдемі бүктелген газеттерді алып, оны асқан кәсіпқойлықпен жолаушыларға көрсетті. Мұқият бақылап тұрған Ерке де газеттерді қалған жолаушыларға еппен ұсынды.

Ерке жолаушыларға қызмет көрсетуді үйренуде
Ерке жолаушыларға қызмет көрсетуді үйренуде. Фото: the-steppe.com

Эксперимент толық жүзеге асуы үшін Еркеге жолаушыларға тағам мен сусын ұсыну ғана қалды. Ол дайын контейнерлерге салынған тағамды жылытып, бизнес-класс жолаушыларына арналған подностарға орналастырды. Одан соң дастархан жайылып, жолаушының алдына түскі ас – ыстық тағам мен кофе қойылды. «Ас болсын», — деді Ерке кішіпейілдікпен.

Ерке жолаушыға түскі ас ұсынуда
Ерке жолаушыға түскі ас ұсынуда. Фото: the-steppe.com

Соңғы ұсақ-түйек

Өзін толыққанды кәсіби бортсерік ретінде сезінуі үшін Еркеге дәстүрлі «бортсеріктер сөзін» жаттау қажет болды:

«Құрметті ханымдар мен мырзалар! Ұшағымыздың бортына қош келдіңіздер! Отырғызу талондары бойынша орындарыңызға жайғасуларыңызды сұраймыз. Сіздердің қауіпсіздіктеріңіз үшін барлық қол жүгі сөрелерге немесе орындықтың астына қойылуы керек. Бортсеріктер сіздерге қажет көмекті көрсетеді. Назарларыңызға рахмет!»

Ерке осы мәтінді жиі қайталап, тез жаттап алды да, қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде қиналмай айтып шықты.

Ерке мәтінді жаттау үстінде
Ерке мәтінді жаттау үстінде. Фото: the-steppe.com

Ерке алған әсерін айтты

Ерке: «Бүгін мен өзімді жаңа рөлде сынап көріп, бортсерік болудың қызық әрі өте жауапты мамандық екенін түсіндім. Себебі ұшақтағы әр адамның қауіпсіздігі мен ыңғайлы да жайлы ұшуы бортсерікке тікелей байланысты. Расында job.airastana.com сайтында өтініш қалдырған кез келген адам бортсерік болып көре алады».

Ерке Есмахан бортсерік рөлінде
Ерке Есмахан бортсерік рөлінде. Фото: the-steppe.com