Нұрділда Ораз Ішкі істер министрінің кеңесшісі әрі ведомствоның ресми өкілі болды

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың бұйрығымен Нұрділда Ораз министрдің жаңа кеңесшісі және ІІМ-нің ресми өкілі — баспасөз хатшысы болып тағайындалды. Ведомство басшысы оны ұжымға таныстырды.

Министрліктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Нұрділда Ораз әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетін, ІІМ Қарағанды академиясын, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін тәмамдаған. «Болашақ» бағдарламасы бойынша АҚШ-та (Калифорния, Флорида) білім алған. Мамандығы — журналист, заңгер.

Нұрділда Ораз бұған дейін «Қазақстан», «31 арна», «Астана» республикалық телеарналарында тілші, редактор, Астананың ІІД баспасөз қызметінің бастығы, ІІМ Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры, ҚР Бас прокуратурасы аппарат басшысының орынбасары және ресми өкілі, «ОРТ-Еуразия» телеарнасы директорының орынбасары болып қызмет атқарды.

Министр Ерлан Тұрғымбаев жаңа тағайындалған кеңесшісі әрі ведомствоның ресми өкілі — баспасөз хатшысына БАҚ-пен жұмысты үйлестіру мен ұйымдастыруда жемісті еңбек тіледі.