Асылмұрат Рамазан 22 жаста. Air Astana-ның AB Initio бағдарламасымен шетелде оқуға болатынын мектеп бітірерде білген. Бірақ бағын сынап көруге жүрексінген.
— Асылмұрат, іріктеуде ең қиыны не болды?
— Patria ұшқыштар мектебіне тапсыру аса қиын дей алмаймын. Ең бастысы — ағылшын тілін білу, физика-математикадан хабардар және логикаға жүйрік болу. Оқуға тапсырарда мен 4-курстың студенті болдым. Маған емтихандар қиын болмады. Тек өзіме сенім жетпеді. «Түсемін бе, түспеймін бе?» деп қобалжыдым. Себебі Air Astanа-ның ұшқыштарға қояр талабы жоғары. Қанша қорықсам да, оқуға тапсырдым, грантты жеңіп алдым. Қазір дамыған елде оқып жатырмын.
Оқу басталғалы жеті ай өтті. Осы уақытта 80 сағат ұштым. Мұндағы мектеп бізге керектің 20%-ін үйретеді, қалғанын өзіміз ізденіп, оқимыз. Ол үшін барлық жағдай жасалған. Әрқайсымызда планшет, қажет кітап бар. Егер бізге түсініксіз нәрсе болса, мұғалімдерден сұраймыз. Қазақстанда оқып жүргенде ұшақпен ұшып көру жылға созылып кететін, яғни биыл 20 сағат ұшсақ, тек бір жылдан кейін соны жалғастыратынбыз. Ал Patria мектебінде үнемі ұшамыз.
— Ұшуға дайындық қалай жүреді?
— Әдетте симуляторда ұшардан екі сағат бұрын ауа райын бақылаймыз. Бұлт көрінбесе, ұшамыз. Симуляторды тексереміз және ұшар алдында жақсылап тамақтанып алғанды жөн көреміз. Себебі көп энергия жұмсаймыз, ұшып келгенде қарнымыз қатты ашады.
— Авиация академиясында алған білімің бұл жақта пайдаға асқан болар?
— Иә, негізі көп нәрсені біліп келдім. Бірақ бұл Patria мектебінде оқуда артықшылық емес. Себебі мұнда бәрін басынан үйретеді. Инструктор менде талант бар екенін, жақсы ұшқыш болатынымды айтты. Patria мектебінде шешім қабылдауды үйрендім. Осы қасиет ұшқышқа кез келген сәтте көмектеседі. Ұшып бара жатқанда ауа райы құбылса немесе күтпеген жағдай болса, не істейсің? Тығырықтан қалай шығасың? Бізге осындай сәтте өзіңе сеніп, нақты шешім қабылдауды үйретеді.
Қазақстаннан келген алтауымыз бір-бірімізбен осында таныстық. Оқитын орнымыз, тұратын үйіміз — бір. Бәрін бірден үйреніп кету мүмкін емес шығар. Егер арамызда біреу бірдеңені түсінбей жатса, ұғындырып жіберуге тырысамыз. Бар уақытымыз мектепте өтпейді. Оқу жағынан бізге еркіндік берілген. Тек журналымызға күнді қалай өткізгеніміз, не үйренгеніміз туралы жазып, тапсырып жүрсек болды.
Таңертең ерте тұрып, жүгіру, сосын сабаққа бару деген сияқты нақты режим жоқ. Кімде сабақ қай кезде — сол уақытта мектепке келсек болды. Мектепте спортпен айналысуды талап етпейді. Тек өзіміз үшін шынығамыз. Велосипед тепкенді ұнатамын, турникке тартыламын. Бұған дейін бокспен шұғылдандым. Кейде соны қайталап, жаттығамын. Patria мектебінде жаттығу залы бар.
— Уақытыңды қалағаныңдай өткізесің. Кейде өзіңе бақылау жасау қиын емес пе?
— Жоқ, себебі сабақтан тыс уақытта үйренетін, көріп, білетін нәрсе көп. Бірнеше студент ұшу сәтін, қандай аймақ жабық болатынын талқылаймыз. Дәл сол кезде басқа ұшқыштар симуляторда жаттығып жатады. Ерігуге уақыт болмайды.
Patria ұшқыштар мектебі Тампереден 13 шақырым қашықтықта орналасқан. Біз қаладағы пәтерде тұрамыз. Air Astana әуекомпаниясы екі студентке бір үй жалдаған. Тамақты үш мезгіл береді. Сабаққа автобуспен барамыз. 60 мың теңге шәкіртақымыз бар. Ешқандай шағымым жоқ, бұл өзіме бір айға жетеді.
— Не себепті ұшқыш болғың келді?
— 9-класта достарымның бәрі мамандық таңдап жатқанда көп адам қызығатын салаға барғым келмеді. Күнде бір жерге барып-қайтатын жұмыс маған ұнамайды, ерекше мамандықты қаладым. Ғарышкер болуды ойладым, бірақ бұл кішкене қалжыңға жақын. Содан «Неге ұшқыш болмасқа?» деген ой келді. Оның үстіне атам авиаинженер болған. Осы тілегімді білген әпкем маған ұшуға сертификат алып берді. Бардым, ұшып көрдім де, ұшқыш боламын деп шештім. Бұл саланы қатты қаладым. Азаматтық авиация академиясында оқыдым. 4-курстың күзінде тәжірибеден өту проблема болып кетті. Оқуды бітірмей осында тапсырдым. Қазақстанға қайтқанда қалған жылымды оқимын. Командир болғым келеді, ол үшін маған диплом керек.
Алғаш авиация академиясына тапсырғанда кішкене күдік болды. Бірақ ата-анам таңдауымды қолдады. Олар менің ұшқыш болатынымды білді ғой. Сондықтан алысқа оқуға жіберу оларға қиын болған жоқ. Керісінше, маған үлкен үміт артты. Сағынып жүрген шығар, мен де оларды сағындым. Жаңа жыл мерекесі қарсаңында үйге, елге баратын шығармыз.
— Ұшқышқа ең қажет қасиет қайсы?
— Шешім қабылдай білу, жауапкершілікті көтеру, уақытымен жүру. Ең маңыздысы – жолаушыларды діттеген жеріне аман-есен жеткізу. Қауіпсіздік — Air Astana-ның басты приоритеті. Ұшқыр ой мен логика да ұшқышқа әбден жарасады. Ұшқыш болуды ойлаған, армандаған адамды ештеңеден қорықпауға, сенімді болуға үндегім келеді. Кейбіріміз «Қалағанымның бәрі бола бермейді, мүмкін емес» деп ойлаймыз. Мүмкін емес нәрсе жоқ, осыған сенемін.
Ал Әмір Айымбетов 21 жаста. Ол да арман қуып, Азаматтық авиация академиясына оқуға түскен. AB-Initio бағдарламасы туралы естігенде академиядағы оқуын ұмытып, іріктеуге дайындалған.
— Әмір, іріктеуге көп дайындалдың ба? Patria ұшқыштар мектебіне түсу үшін нені меңгеруің керек еді?
Іріктеу үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде SHL тестін тапсырдық. Екіншісі – Compass. Бұл кезеңде ағылшын тілі мен физика-математикадан білімімізді сынады. Үшінші кезеңде топпен жұмыс істеу деңгейің және осы мамандыққа ебіңнің бар-жоғын тексереді. Мен үшін ең қиыны ағылшын тілі болды. Себебі жақсы білмейтін едім. Іріктеуден өту үшін барымды салып жаттықтым. Осы мамандықты жақсы көрген адамға ештеңе қиын болмайды деп ойлаймын. Patria ұшқыштар мектебінде оқу қиын, көп еңбекті талап етеді. Дегенмен мүмкін емес нәрсе жоқ. Білмегенімізді күн сайын үйреніп келеміз. Жауапкершілік көп болғанымен уақытты дұрыс жұмсай алсаң, қиын емес.
Patria мектебінде сабаққа жауапкершілікпен қарауды талап етеді. Сабақтан себепсіз қалуға болмайды, қалған әр күнің белгілі бір жағдайдың болғанын білдіреді. Сондықтан алдын ала неге болмайтыныңды, қашан келетініңді ескертуің керек.
— Бос уақытыңда немен айналысасың?
Бос уақытымызда қалаға барып, финн тағамдарынан дәм татуға тырысамыз. Финн мәдениетін, адамдарын тану үшін бірге оқитын достарымызбен уақыт өткіземіз. Финн халқы өте сабырлы, жұмысына тиянақты. Олар суық ауа райын жақсы көреді. Көбінің бойы ұзын, мұнда мен өзімді кішкентай сезінемін. Финдер басқа ұлтқа, мәдениетке әрдайым ашық.
— AB-Initio бағдарламасымен оқығысы келетіндерге қандай кеңес бересің?
— Ұшқыш болғысы келетіндерге, әсіресе, қыздарға ештеңеден қорқудың қажеті жоқ дегім келеді. Ұшқышқа сай қабілетіңіз болмаса, жаттығыңыз, дайындалыңыз. Барлығында бәрі бірден бола салмады. Алғашқы екі кезеңде аз балл жинадым. Маған жарты жыл дайындалуға мүмкіндік берді, қатты тырыстым, соңында өттім.
Ұшқыш шешім қабылдай алуы керек, өзіне жүктелген жауапкершілікті сезінуі керек деп айтсам, тым қарапайым болып кететін шығар. Бірақ бұл екеуі — ұшқышқа қажет қасиет.
Ұшқышқа әзілқой болу да артық етпейді, үнемі салмақты болудың керегі жоқ деп ойлаймын. Адамдар әртүрлі, ұшқыштар да бір-біріне ұқсамайды. Бірақ олар — өздеріңіз сияқты ең қарапайым адамдар.
Кейіпкерлеріміздің досы Илья Сопегин Air Astana әуекомпаниясының AB-Initio бағдарламасы туралы әпкесінен білген. Ол іріктеуге бір жылдан көп дайындалған.
— Илья, Қазақстан мен Финляндияның ұшқыштарды тәрбиелеудегі ерекшелігі неде?
— Patria мектебінде ұшқышқа үлкен жауапкершілік артады. Себебі адамдардың қауіпсіздігі маманның әр ісіне байланысты. Ауа райына қарай қай жаққа жол салатыныңды саған біреу айтып отырмайды. Ұшу кезінде бар міндет бір өзіңе жүктеледі. Мамандығымыз осындай тәуекелді талап еткенде бізге жүктелетін міндет екі есе болады. Осында ұшқыш болу адамдарды тасу емес, жауапкершілік алу, шешім қабылдау екенін түсіндім.
Ал Қазақстанда ұшқыштарды оқытатын оқу орындары басқа университеттерден ерекшеленбейді. Студенттер басқа мамандықтағыдай философия сияқты сабақтарды оқиды. Негізі ұшқышқа оның не керегі бар? Бұл жүйенің ескіргенінен де шығар. Ал Patria мектебінде тек ұшуға, ұшақ пен ұшқышқа қатысты нәрселерді үйренеміз, тереңдетіп оқытады. Сабақ беретін мұғалімдер — тәжірибесі мол, өз ісінің шеберлері. Олар бізге бәрін тәптіштеп үйретеді.
Жігіттердің үшеуі де Қазақстан халқын, мәдениетін, отбасылық мейрамдарды сағынғанын айтты.
Көбіне адамдарды, жақындарымызды сағынамыз. Отбасыңмен бірге үйде кешкі ас ішетін, мейрамдарда бас қосатын дәстүрді аңсаймыз, — дейді олар.
Patria ұшқыштар мектебінде Air Astana әуекомпаниясының AB-Initio бағдарламасымен оқу 18 айға созылады. Қазақстанның кадеттері келесі күзде елге оралады, Air Astana әуекомпаниясында қызмет жолын бастайды.