Басты бетЖаңалықтарӘбіш Кекілбаев...

Әбіш Кекілбаев тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды

Халық жазушысы, қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаев тұрған үйге мемориалдық тақта орнатылды. Жазушы тұрған үйдің алдына оның жақындары мен достары, әдебеттегі інілері жиналды. Қазақ әдебиетінің классигі Әбдіжәміл Нұрпейісов мемориалдық тақтаның ашылуымен құттықтады.

Бүгін қазақ халқының сүйікті ұлы, теңдесі жоқ Әбіш Кекілбаев тұрған үйде бас қосып отырмыз. Бұл — бәріміз үшін орны бөлек, тарихи үй. Осы жерде Әбіштің өрісі кеңейді, өсіп-өнді. Әбіштің алғашқы шығармасы шыққанда ел «Өзі ойшыл, өзі лирик жас ақын келді» деп ду ете қалды. Сол қуаныш халықтың жүрегінде лүпілдеп тұрғанда ол күтпеген жерден сыни мақалалардың жинағын шығарды. Халық тағы да «Қазақ әдебиетіне терең талдай білетін, түсінігі бөлек жас сыншы келді» деп таңданысты. Ол осы үйде өзінің қазақ әдебиетіне ұлы жазушы болып келгенін дәлелдеді, — деді Әбдіжәміл Нұрпейісов.

Әбіш Кекілбаевтың жақындары оның адами қасиеттерін айтып, бүгінгі жастарға үлгі етті.

Ол алаштың алдаспаны еді. Әбіш ағаның ішкі мәдениетіне тоқталғым келеді. Ол кейбір ағаларымыз сияқты жүрмейтін жерде жүріп, сұрамайтынды сұрап, араласпайтын жерге араласып жүрмеді. Әбіш аға халыққа үлгі болатын бейнесін абыроймен алып жүрді.  Мұнда жастар да жиналған екен, Әбіш ағаның әр ісі үлгі болсын. Бәріміз де қартаямыз. Ендеше, дұрыс қартая білейік, — деді ақын Есенғали Раушанов.

Әбіш Кекілбаевтың үйіндегі мемориалдық тақта
Фото автордан

Назарбаев даңғылындағы үйде жазушы 17 жыл тұрған. Әбіш Кекілбаевтың жұбайы үйдегі жиындарды еске алды.

Бұл — біздің алғаш кірген үйіміз. Әбіш бір жыл жұмыс істегеннен кейін анасын қасына көшіріп алды. Анамыз — тілегі қабыл болған адам. «Жалғыз азаматым болса, тұтамдай сүйегім қалғанша соңынан қалмаймын» деп елден келді. Осы үйде анамыздың өсиетін талай қазақ естіді. Жазушылар одағы үйге жақын, анамыздың өсиетін тыңдаймыз деп көп жазушы түскі шайға келетін. Әбіш осы үйде талай шығарманы жазды, ел анамыздың өсиетін тыңдады, — деді жазушының жұбайы Клара Жұмабаева.

Мемориалдық тақта Назарбаев даңғылындағы 118-үйге орнатылды. Бүгін бұрынғы Каблуков көшесіне Әбіш Кекілбаевтың аты берілді.

Әбіш Кекілбаев – Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері. Қазақстан Республикасының алғашқы Мемлекеттік хатшысы болған. 1939 жылдың 6 желтоқсанында Маңғыстау облысының Оңды ауылында дүниеге келген. 1957 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түскен.

Әбіш Кекілбаев 2015 жылдың 11 желтоқсанында Нұр-Сұлтанда дүниеден өтті. Жазушы ұлттық пантеонға жерленді.