Алматы көшесіне Әбіш Кекілбаевтың есімі берілді

Наурызбай ауданында орналасқан көшенің салтанатты ашылуына Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев, жазушының туған-туыстары мен замандастары, жары Клара Жұмабаева қатысты.

Қала әкімі көшенің ашылу салтанатымен құттықтады.

ӘБіш Кекілбаев көшесі
Фото: Baribar.kz

Әбіш Кекілбаев — алғашқы Мемлекеттік хатшы. Жазушының туған-туыстарына, үйдегі Клара апайымызға амандық пен денсаулық, береке тілеймін, — деді Бақытжан Сағынтаев.

Филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Қирабаев жазушының шығармашылық ғұмыры ұзақ болатынына сенім білдірді.

Жазушыны тану үшін оның туған жерін көру керек. Әбіштің кім екенін білу үшін Маңғыстау мен Үстіртті аралау қажет. Мен араладым. Теңіздің орнында қалған алып төбелер Әбішті көрсетіп тұрғандай әсер қалдырды. Оның шығармашылық ғұмыры ұзақ болатынына сенімдімін. Бала-шағасы барда өзінің де өмірі ұзақ болады деп есептеймін, — деді Серік Қирабаев.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әмин Тұяқов жазушының мұрасын жаңғыртып жүрген азаматтарға алғыс білдірді.

Әбекеңмен бір өңірде дүниеге келіппіз. Балалық шағымыз бірге өтті. Алматыға оқуға келдік. Ол қазақтың әйгілі ақын-жазушыларымен араласып, шығармалар жаза бастады. Әр кітабын оқып қуандық. Маңғыстау түбегінен шыққан қара бала Қазақстанға ғана емес, дүниежүзіне белгілі болды. Көзі кеткенімен артында хаты, кітаптары қалды. Алматының үлкен көшесінің бірін беру — жастарға көрсеткен үлгі. Кейінгі кезде Әбекеңнің шығармалары желісімен пьеса қойылып, кино түсіріліп жүр. Ол туралы кітап басылып шығып жатыр. Бұл — жазушының қалдырып кеткен дүниесін жаңғырту, ұрпаққа таныстыру. Маңғыстау түбегінен келген соң елдің атынан алғыс айтамын. Ел барда Әбекең ұмытылмайды, — деді Әмин Тұяқов.

Жазушының жары Клара Жұмабаева Әбіш Кекілбаевтың Алматыны ерекше жақсы көргенін айтты.

Әбіш барда шауып жүретін келіншек едім. Тез қартайдым да қалдым. Әбіштің 80 жылдығын тойлау Алматыдан басталғанына қуандым. Өйткені ол туған жерінен кейін Алматыны қатты жақсы көрді. Өмірі мен шығармашылығының 40 жылы осында өтті. «Үркер» мен «Елең-алаңын» осы қалада жазды. Қалғанын астанада жалғастырды. Әбіштен олай айырылып қаламыз деп ойламаған едік. Дегенмен арты қайырлы болып жатыр. Әбіштің сүйікті қаласы жайнап, өсе берсін, — деді Клара Жұмабаева.

Әбіш Кекілбаев — Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері. Қазақстан Республикасының алғашқы Мемлекеттік хатшысы болған. 1939 жылдың 6 желтоқсанында Маңғыстау облысының Оңды ауылында дүниеге келген. 1957 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түскен. «Қазақ әдебиеті», «Лениншіл жас» газеттерінде қызмет еткен. 1992-93 жылдары «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы, 1996-2002 жылдары Қазақстан Республикасының Мемлекет хатшысы болып істеген. 2002 жылдан бастап Парламент Сенатының депутаты болған. 2015 жылдың 11 желтоқсанында Нұр-Сұлтанда дүниеден өтті. Жазушы ұлттық пантеонға жерленді.