Басты бетЖаңалықтарАлматыда "Фариза"...

Алматыда «Фариза» қойылымының премьерасы өтті

Пьеса авторы Роза Мұқанованың айтуынша, қойылымда Мұқағали мен Фаризаның ақын ретінде бір-бірін мойындауы көрсетілді.

Мұқағали өмірден өтерінде Фаризаға өлең арнады. Екеуі бір-бірін құрметтеді. Адам əрдайым өзіне жақын, жанын түсінетін адамды іздейді ғой. Мұқағали Фаризаны өзіне жақын тұтты. Ал Фариза Мұқағалидың өзін іздегенде жанына бара алмағанына, онымен кездесе алмағанына өкінді. Оны естелігінде де жазды, өзіме де айтты. «Мұқағали екеумізден жұрт махаббатты көргісі келеді. Бірақ біздің арамызда ешқандай сезім жоқ. Мұқағалиды ағамдай көрдім, ал ол мені «қазақтың қызы» деп сыйлады» дейтін. Автор ретінде екі ұлы ақынның арасындағы қатынастың жұрт ойлайтындай махаббат емес, одан да биік екенін көрсеткім келді, — деді Роза Мұқанова.

«Фариза» қойылымының бас продюсері және идея авторы Айнұр Көпбасарова ақынды түсінде көріп, оған арнап пьеса қоюға бекінгенін айтты.

Біз ақынның оқырманы мен замандастарына оның ақын ретіндегі ғана емес, әйел ретінде не сезінгенін жеткізгіміз келді. Ақынның өлеңінен көбіне біз өзін іздейміз. Бұл спектакль арқылы ақынның жанын түсінгіміз келді. Оның ұлылығын — өмір ағысына ілеспей, оған қарсы жүзетін қайсарлығынан, ар тазалығынан, кең жүрегінен, махаббатқа адалдығынан іздедік, — деді Айнұр Көпбасарова.

Шығармашылық топ спектакльді Нұр-Сұлтан мен Атырауда қоюды жоспарлап отыр. Ал қазанда спектакль Мәскеуде қойылады.

Басты рольді актриса, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Назгүл Қарабалина, театр жəне кино актерлары Қуандық Қыстықбаев, Лейло Бекназар-Ханинга жəне Ерлан Кəрібаев ойнады. Ал композитор Ренат Гайсин спектакльдің музыкасын жазып шықты.

ДереккөзZhasorken.kz