Алматыда QS World Wide форумы қалай өтіп жатыр?

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде QS World Wide форумы өтіп жатыр. Форум «Адами мұра мен жоғары технологиялар үйлесімділігіне негізделген жетілдіру» тақырыбына арналған.
Форумға Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қатысты. Қала басшысының айтуынша, Қазақстанның жоғары оқу орындары QS World University Rankings рейтингіне 15 жыл бұрын кірді.

QS World Wide форумы Орта Азияда алғаш рет өтіп отыр. Оның ішінде таңдау Алматыға түсті. Еліміздегі әр үшінші студент Алматыда оқиды. QS World University Rankings рейтингіне Қазақстан басында бір университетпен кірген еді. Қазір рейтингте еліміздің 10 жоғары оқу орны бар. Оның алтауы Алматыда орналасқан, — деді Бақытжан Сағынтаев.

Қала әкімінің айтуынша, форум Қазақстанның жоғары оқу орындарының әлем университеттерімен тікелей байланыс орнатуына мүмкіндік береді. Қазақстанның жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттігін арттырып, танымалдығын жоғарылатуға көмектеседі.

Университеттердің жаһандық саммиті аясында QS World Wide халықаралық конференциясы мен көрме, Жібек жолы (SUN) университеті Альянсы бас ассамблеясының отырысы, Әлеуметтік жауапты университеттердің бүкіләлемдік желісінің уоркшобы (USRN) өтеді.