Министр Шамалғандағы апаттың хронологиясын баяндады

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр Алматы облысы Шамалған станциясындағы апаттың хронологиясын баяндады.

Пойыздың өткелге жетуіне 2 434 метр қалғанда құрылғылар автоматты түрде дабыл берді, дыбыстық белгі қосылды, бағдаршамның қызылы жанды.  Өткелде көліктер тұрған соң шлагбаум толық жабылмады. Автобус сол сәтте өткелде тұр еді және кептеліс салдарынан орнынан қозғалмады. Пойыз сағатына 97 шақырым жылдамдықпен келе жатты. Машинист 500 метр қалғанда шұғыл тежеуді басқан. Алайда соқтығысты болдырмау мүмкін болмады. Машинист норма бойынша 712 метр тежеу жолын 671 метрге дейін қысқарта алған. Соқтығысқан сәтте пойыз сағатына 55 шақырым жылдамдықпен келе жатқан, — деп мәлімдеді Роман Скляр.

Министрдің айтуынша, пойыз жолаушылары зардап шеккен жоқ.

Өткелде шлагбаум мен бағдаршам бар. Өткелді жабдықтау талаптары толық сақталған. Setra маркалы автобус 1990 жылы шыққан. Техбайқаудың уақыты биыл 16 шілде күні өтіп кеткен. Тасымалдаушы — «Қаскелең автобус паркі» ЖШС, — деді министр.

Оқиға салдарынан 1986 жылғы Эльвира Жәнібекова мен оның 2014 және 2016 жылғы екі қызы зардап шекті. Әйел — Алматы локомотив депосының қызметкері. Министрдің айтуынша, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ оған көмек көрсетіп, емделуіне жағдай жасайды. Сонымен қатар Роман Скляр қаза тапқан автобус жүргізушісінің туыстарына көңіл айтты.

Төтенше жағдай 15 қыркүйекте сағат шамамен 19.20-да “Екатеринбург-Алматы” тасжолының 2449-шақырымында Шамалған станциясында болған. Пойыз Алматы-Қостанай бағыты бойынша қозғалған. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің кеңесшісі Руслан Иманқұловтың айтуынша, автобус жүргізушісі дабылды елемей теміржолға өтіп кеткен. Нәтижесінде автобус пойызбен соқтығысқан. Апат салдарынан автобус жүргізушісі қаза тапты. Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізушінің туыстарына көңіл айтты. Қазір төтенше жағдай бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.