Аяқкиім таңдарда ең бірінші не нәрсеге мән беру керек?

Әуелі материалына, яғни былғарысының сапасына және табанына көңіл аударыңыз. Аяқкиім табиғи былғарыдан тігілсе, оның іші де тура сондай, тек аз бөлігі мата болады. Бұл аяқкиімнің таза былғарыдан тігілгенін білдіреді, яғни зауыт материалдың сапасын осылай көрсетеді. Таза былғары жұмсақ келеді. Бірақ қатты былғары да бар, олар ұзаққа шыдайды.

Аяқкиімнің табаны мықты, қатты, гель болса, жүргенде сырғанамайды. Әсіресе, кафельді басқанда да сырғанап кетемін деп қорықпасаңыз болады. Табаны резеңке болса, қыста суық тартады, жазда ыстықты өткізеді. Оның үстіне аяқтың формасын сақтамайды. Табанының сапасы нашар болса, асфальтта күн ыстықта мүжіле бастайды. Сондықтан аякиімнің табаны гель болғаны дұрыс. Негізі әр жағдайға байланысты арнайы, бөлек аяқкиім киген жөн.

Меруерт Кәрімтаеваның айтуынша, аяқкиім бағасы қымбат болса, сапасы соғұрлым жақсы болады. Тек сатушы клиентті алдамауы керек. Адамның бәрі аяқкиімнің нашарынан сапалысын ажырата алмайды. Сондықтан оны таңдарда сатушының көмектескені дұрыс. Ол тауардың қайдан келгенін, қандай екенін айтып беруі қажет.

Сапалы аяқкиімнің иісі бола ма?

Аяқкиімді қораптан шығарғанда иіс болады, бірақ бұл уақытша. Зауытта иіс шығаратын дәріні аяқкиім бұзылмауы үшін арнайы салады. Тауар басқа жерге жеткізілгенше қорапта, қоймада тұрады. Ылғал тиюі де мүмкін.

Қораптан алғаннан кейін аяқкиімнен бірнеше күн бойы иіс шықса, оның нашар болғаны. Жақсы аяқкиімнің иісі бір тәулікте жойылуы керек.

Оригинал аяқкиімді көшірмеден қалай ажыратуға болады?

Меруерт Кәрімтаеваның айтуынша, көшірме аяқкиімнің тігісі үлкен болып көрініп тұрады. Брендтің, фирманың атауында бір-екі әріп өзге шрифте жазылады.

Кей зауытта оригинал етікті тәжірибелі ұста тіксе, оның көшірмесін қатардағы етікші тігуі мүмкін.

Аяқкиім күтімі

Былғарыны ылғал шүберекпен сүртуге болады. Бірақ арнайы спрейін қолданса, тіпті жақсы. Ал жұмсақ теріден тігілген (күдері) аяқкиімді тек өзінің щеткасымен тазалап, спрейін себу керек. Спрей жұмсақ теріні бүлінуден қорғайды. Мысалы, былғары аяқкиімді жазда кие алмаймыз, ыстық болады. Сондай сәтте жұмсақ теріден тігілген аяқкиім жақсы, ол ауа кіргізеді. Тек күтімді көп қажет етеді. Оны шүберекпен сүртпеген дұрыс.

Аяқкиімнің ұзаққа жарауы адамның өзіне байланысты. Ұқыпты кисе, бірнеше жыл шыдайды. Майтабандарға лайықталған аяқкиім де бар. Олардың табанында бір тұсы кішкене көтеріліп тұрады. Майтабан адамға ортопедия аяқкиім алған дұрыс.

Қазақстанға аяқкиім көбіне қай жақтан келеді?

Сатушының айтуынша, Қазақстанда Түркия мен Қытайдың аяқкиіміне сұраныс көп. Түркия аяқкиімінің табаны каучук болады. Ал Қытай десе, көбі аяқкиім сапасыз деп ойлайды.

Қытайдан келетін сапалы, жақсы аяқкиімдер де бар. Олар Гуанчжоудан келеді. Сапасы Түркиянікінен кем түспейді. Айырмашылық тек өлшемінде. Түркияның аяқкиімі үлкен өлшеммен жүрсе, Қытайдікі кішкентай болады, — дейді Меруерт Кәрімтаева.

Иллюстрация: Dribbble.com ©Chris Rooney

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!