Дәстүр бойынша жыл сайын Еуропа елдерінде болатын опера-симфониялық халықаралық дирижерлар байқауы биыл 10-15 қыркүйек аралығында Алматыда өтеді. Байқауды Қазақстанда өткізуге Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы ұсыныс білдірген.

Филармонияның баспасөз хатшысы Манар Әлидің айтуынша, Қазақстанда жоспарланған жобаның үлкен мәдени мәні бар. Бұл байқау халықаралық масштабтағы елеулі шаралармен теңестіріледі.

Байқауға қатысу үшін әлемнің 32 елінен 140 өтініш түскен. Ол екі кезеңнен тұрады. Қатысушылар өнері мен түйіндемесі арқылы іріктелді. Бірінші кезеңге 56, екіншіге 16 қатысушы жіберіледі. Жартылай финалға сегіз қатысушы өтеді. Ал финалға төрт қатысушы іріктеледі.

Манар Әлидің айтуынша, дирижерлардың дәрежесі қандай симфонияны оркестрмен және қай концертте орындағанына байланысты өседі.

Осындай күрделі іріктеуге қарамастан әлемнің 140 дирижеры өтініш берді. Демек, шетелдің талантты мамандары Қазақстанда өтетін байқауға бейжай қарамайды, — дейді ол.

Бұл байқау қазақстандық жас дирижерларға да үлкен тәжірибе және шетелдің мамандарымен әріптестік қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік береді.

Дирижерлық өнер елімізде кеш дамыған десек қателеспейміз. Сондықтан қазақстандық өнерпаздар бұл шарада білігін арттырып, әлем елдерінің музыканттарымен танысады, — дейді Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының баспасөз хатшысы.

Байқаудың қазылар алқасының төрағасы — Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Алан Бөрібаев.

Байқау Classics Management Budapest халықаралық агенттігі, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтеді. Қатысушылардың шығынын Classics Management Budapest халықаралық агенттігі көтереді.

Опера-симфониялық халықаралық дирижерлар байқауының жеңімпаздарына Еуропа мен Қазақстанда өтетін концерттерге жолдама беріледі. Олар — Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы, Astana Opera, Opera de Nice (Франция), Teatro Carlo Felice (Италия), Sanremo Symphony Orchestra (Италия), Plovdiv Opera (Болгария) концерттері. Сонымен қатар 10 мың еуро табысталады.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!