Үш ұлы композитор өз туындыларының әр тактын форма жағынан жетілген, әуезі мен мәнері мінсіз көркем дүниелердің жарасымды қосындысына айналдыра білген. Бұл композициялармен жанды сүйемелденген жалғыз актілі балет қойылымдары көрерменді музыканың таңғажайып әлеміне жетелейді. Бір күнде үш классика.

Балет премьерасы
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Балет спектакльдерін хореограф, Қазақстанның халық артисі Гүлжан Тұтқыбаева, бельгиялық хореограф Дэвид Джонатан, бразилиялық хореограф Риккардо Амаранте, қоюшы-дирижер Ерболат Ахмедьяров, Германияда тұратын пианист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әмір Тебенихин, Ресейдің халық суретшісі Вячеслав Окунев және басқалар бірігіп жасаған.

Көрермен сахнадан Азамат Асқаров, Рахим Дайыров, Динара Есентаева, Жанель Төкеева, Баян Бекетаева, Мәлика Елшібаева, Аружан Баратова, Ариса Хасимото, Дания Батырханова, Мәлика Дәулетова, Динара Құдабаева, Камилла Омарова, Даляфраз Жақыпова, Наргиз Мирсеидова, Риза Тағанова, Архат Әшірбек, Мұхтар Жұманиязов, Әзиз Есенбаев, Қаскырбай Есқали, Рүстем Иманғалиев, Әсет Мырзақұлов, Фархад Сәдуақасов, Бағлан Текесбаев, Арнұр Түсіпбеков сияқты артистердің өнерін тамашалайды.

Әр қойылымның хореографиялық хош иісі бар. Оны сезіну керек. Көрермен көркем биді тамашалап қана қоймай, әсерлі әрі жанды музыканы да тыңдай алады. Себебі үш балетті де әдемі музыка біріктіреді. Қонақтарымыз үш туындыны бірінен соң бірін тамашалай отырып, барокко дәуірінен бүгінге дейін экскурсияға қатысқандай болады.  Үш балет те сюжетсіз болғанына қарамастан оның әрқайсысында жұмбақ бар. Ол жұмбақтарды шеше білген адамның танымы мен көзқарасы өзгеретіні сөзсіз. Балетті бір қырынан қарап, толық түсініп, сезіну мүмкін емес. Әр қойылым хореографиялық хош иісі бар әтір сияқты дейтінім де сондықтан. Хош иіс неғұрлым көбірек таралған сайын соғұрлым иісінің жаңа ноталары сезіле бастайды, — дейді Абай атындағы ҚМАОБТ директоры Ая Қалиева.

«Шопениана»

Өткен ғасырдың басында Фридерик Шопеннің музыкасына қазіргі заманғы классикалық романтикалық балеттің негізін қалаушы Михаил Фокин «Шопениана» балетін жасады. Бұл спектакль Алматыда алғаш рет 1938 жылы 13 маусымда қазақ балетінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан Александр Селезневтың қоюымен Қазақ хореография училищесінің есеп беру кешінде көрерменге таныстырылды. 60-жылдары «Шопениананы» Зәуірбек Райбаев қойды. Арада жарты ғасырдан астам уақыт өткенде Михаил Фокин хореографиясы жаңартылып қойылып отыр. Бас балетмейстер — Гүлжан Тұтқыбаева.

Балет премьерасы
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Хореография тілі бойынша біз қойылымды балеттің ең алғаш туған кезінен, яғни пуанты киіп, башпаймен тұрып билеу кезеңінен бастаймыз. Әрине, бұл — Мария Тальони биінің элементі. Мария Тальони жайлы айтқанда «ол биінде Рафаэльдей сурет салады, Паганинидей скрипкада әуезді ойнайды, оның биі — поэзия» дейді. Міне, осы штрихтің бәрін көрермен «Шопениана» балетінен тамашалай алады. Ондағы әр қимыл, әр сызық, әр оқылым ерекше. 110 жыл бұрын әлемге танылған «Шопениана» балеті романтизм дәуірі мен оның атмосферасын өн бойына сіңірген. Ол бүгінге дейін өзектілігін жоғалтпай, сахнадан түспей жүр. Сондықтан әр театр репертуарында «Шопениананың» болғанын қалайды, — дейді Ая Қалиева.

«Бах шығармашылығын тану»

Бұл — Иоганн Себастьян Бахтың ең танымал фортепиано концерттерінің біріне қойылған бір актілі сюжетсіз балет. Хореографы — Дэвид Джонатан. Музыкасын дирижер Ерболат Ахмедьяров пен пианист Әмір Тебенихин орындайды.

Балет премьерасы
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Балеттің идеясы — классикалық негіздерді бұзу. Бұл мені шабыттандырып, классика мен жаңа стильді түйістіруге себеп болды. «Бах шығармашылығын тану» үш бөліктен тұрады. Оның әрқайсы ерекше картинаны сипаттайды. Біріншісі — классикалық бидің шыңы. Бұл бөлік классикалық элементтері бар биден тұрады. Екіншісі — өзгерістер картинасы. Бұл кезде классиканың қирауы мен жаңа нәрсеге ұмтылыс және болашаққа деген сенімсіздік сипатталады. Мұның бәрін бишілердің костюмдерінің өзгеруінен сезу қиын емес. Ал үшінші бөлік жаңа кезең картинасын сипаттайды. Сенімсіздік кезеңі кетіп, әсерлі бидің мейрамы, бостандық пен жаңа сезімдер кезеңі туады, — дейді «Астана Балет» солисі, хореограф Дэвид Джонатан.

Балет премьерасы
Дэвид Джонатан мен Паула Роза Сантана. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Дэвид Джонатанның қойылымда күтпеген жерден эффект тудыру идеясын жүзеге асыру үшін біздің қоюшы топқа күрделі тапсырма берілді. Нәтижесінде Дэвидтің идеясын жандандырдық, әсерлілік үшін жаңа механизмдер енгізілді. Оның құрылымына математикалық, инженерлік тапқырлық қажет болды, — дейді Ая Қалиева.

Балет премьерасы
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

«Болеро»

1928 жылы француз композиторы Морис Равель орыс балеринасы Ида Рубинштейннің өтініші бойынша оркестрге арналған «Болероны» жазады. Шығарма сұлу әйел образын жасаған композитордың ішкі әлемін паш етеді. «Болеро» — ырғақ, эмоция мен тылсым әсер.

Балет премьерасы
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Қазақстанда Морис Равельдің музыкасына қойылған «Болероның» екі қойылымы танымал. Бірін 1962 жылы Зәуірбек Райбаев, екіншісін 1968 жылы Болат Аюханов қойды. Енді Риккардо Амарантенің арқасында үшінші рет қойылып отыр. Оның айтуынша, бұл жолғы «Болеро» хикаясы әйелдің мінсіз сұлулығы мен сезімталдығын аша түседі.

Балет премьерасы
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

«Бах шығармашылығын тану» және «Болеро» балеттерінің костюм бойынша суретшісі — «Астана Операның» бразилиялық сценографы Паула Роза Сантана. Бұл — бимен ғана емес, дизайнерлікпен де айналысатын маманның үлкен ұжымдағы дебюті.

Балет премьерасы
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Сахнадан жұмысымды көріп қатты әсерлендім. Себебі дизайнды құру — бөлек нәрсе, ал оны сахнада көру — мүлдем басқа сезім. Осындай үлкен ұжыммен бірінші рет жұмыс істедім. Коллекциямды жасағанда махаббат сезімі мен оны сахнада артистердің қалай жеткізетінін ойлағанмын. Костюмдерді салу айтарлықтай қиын емес. Себебі қойылым туралы бірінші рет сөйлескенде эскиздерді оңай елестеттім. Сондықтан мен тек сезімімді қағаз бетіне түсіруге тырыстым, — дейді Паула Роза Сантана.

Балет премьерасы
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz