ІІМ үш ағайындының өліміне полицейдің қатысы бар дегенге түсініктеме берді

Естеріңізге сала кетейік, 19 қыркүйекте мал саудасымен айналысқан үш азаматты пайда көздеген қылмыскерлер айуандықпен өлтіргендігін хабарланды. Осы қылмыстық іс бойынша екі күдікті ұсталып, қазір тергеліп жатыр. Алайда, қара жамылған әулеттің адамдары бауырларының өліміне екі емес, одан да көп азаматтың, оның ішінде бұрынғы полиция қызметкерінің де қатысы болуы мүмкін деген болжамдарымен бөліскен еді. Осы мәселе бойынша ҚР Ішкі істер министрлігіне арнайы сауал жолдаған Baq.kz тілшісі мынадай жауап алды:

«Алматы облысының 3 тұрғынының өлімі фактісіне қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-тармағы 1,8-тармақшаларына сәйкес (пайдакүнемдік ниетпен екі немесе одан да көп адамды өлтіру) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Жедел-іздестіру шараларының барысында күдіктілер анықталып, олар қолға түсті.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жария етілмеуге тиіс. Олар, егер бұл тергеу мүдделеріне қайшы келмесе және басқа тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзуға байланысты болмаса, прокурордың рұқсатымен жария етілуі мүмкін.

Осыған орай, қазіргі таңда аталған іс бойынша қандайда бір ақпарат беру мүмкін емес екендігін хабарлаймыз».

Марқұмдардың туысқандарының айтуынша, Долданұлы Жарқынбек (1979 жылы туған), Зарлыханұлы Мұқият (1973 жылы туған), Әлімхан Қадылбек Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданынан сатып алған 40 бас малды екі жүк көлігімен 17 қыркүйек күні Ұзынағаш базарына шығарған. Үш ағайынды 19 қыркүйекте соңғы рет байланысқа шыққан. Бірнеше күннен кейін олардың денесі табылды. Өлтірілген ағайындыларды өлім алдында айуандықпен қинағаны туралы хабарлаған болатын.

Осы іске қатысты Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев ішкі істер министрі Қ.Қасымовқа тергеу барысын жеке бақылауына алуды тапсырды.

 

Дереккөзbaq.kz