Мұрат Әбенов: Шеруге ресми рұқсат берілуі — маңызды мәселе

Мұрат Әбеновтің айтуынша, қоғамда айтылған әр мәселені ортаға салып, талқылап отыру керек.

Қазіргі уақытта азаматтар арасында саяси белсенділік өте жоғары. Мұны өткен сайлаумен де байланыстырамыз. Бірақ соңғы 3-4 жылда қоғам қатты өзгерді, құқық сауаттылығы жоғарылады. Бүгінде «қоғамда бір нәрсе айтсаң, оны барлығы бірдей қабылдайды» деп айтуға болмайды. Қоғам өзгергеннен кейін әр айтылған мәселені ортаға салып талқылап отырған жөн. Осы тұрғыда бүгінгі Жолдаудан өзіме керек дүниенің басым бөлігін естідім, — деді Мұрат Әбенов.

Оның айтуынша, бүгінгі Жолдауда қысқа және ұзақ мерзімді мәселелер қамтылған. Қысқа мерзімді мәселелерге авиация, теміржол билеттерінің тапшылығы сияқты проблемаларды жатқызсақ, ұзақ мерзімді мәселеге саяси жүйені жаңғырту жайын айтуға болады.

Соңғы жылдары азаматтар әлеуметтік, экономикалық қана емес саяси да талап қойып отыр. Алдағы уақытта экономиканы дамыту үшін міндетті түрде саяси өзгеріс жасау керек деген пікір бар. Бұрын біз керісінше, әуелі экономика, содан кейін саясат дейтінбіз. Ал бүгін осы мәселе қозғалып, шеруге шығуға рұқсат берілетіндігі ресми айтылды. Меніңше, бұл — маңызды мәселе, — деді Мұрат Әбенов.

Саясаттанушы Ерлан Саиров шет мемлекеттерде орын алып жатқан митингілерден ешкімнің ұтылып жатпағанын айтты.

Меніңше, бұл жүйе жақын арада Қазақстанға да кіреді. Бұл дұрыс нәрсе. Сонымен бірге әлеуметтік проблемалар да бар. Олар болашақта шешіледі деген ойдамыз. Осы орайда тағы бір мәселе бар. Біздің болашағымыз — жастар. Жастардың әлеуметтік лифтілерін жасау, олардың болашаққа деген көзқарасын өзгерту сияқты мәселелер қарастырылды. Бұл да өте орынды мәселе, — деді ол.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы 2 қыркүйегіндегі Жолдауында бейбіт митингілердің өтуіне рұқсат беріп, оған арнайы орын бөлу керек екенін айтты.

ДереккөзInform.kz