Антибиотиктер әсер етпесе не болады?

Қоршаған ортада, тіпті адам ағзасында да бактериялар өмір сүреді. Олардың көбі зиянсыз, тіпті пайдалы, алайда түрлі ауру тудыратыны да баршылық.

Антибиотиктер ойлап табылғанға дейін адам ағзасындағы бактериялармен иммундық жүйе күресетін. Сондықтан ХХ ғасырдың басында пневмониямен ауыратын он адамның үшеуі, жаңа босанған мың әйелдің бесеуі қайтыс болатын. Туберкулез, көкжөтел, сол сынды ауруларды емдеу мүмкін болмаған еді. Адамдар қолын кесіп алып, жараға инфекция түсіп асқынып кетуінен де өмірімен қоштасқандар болды. Алайда, пенициллиннің ойлап табылуымен бірнеше ауруға тосқауыл қойылды.

Пенициллин жасалған саңырауқұлақты алғаш болып Александр Флеминг деген ғалым тапты. Ол зертханада стафилокок бактериясы бар Петри құтысының ауызын жабуды ұмытып кеткен. Таңертең келгенде құтының бетіне өскен саңырауқұлақтарды көреді. Бұл 1928 жыл еді. Ғалым осы саңырауқұлақтардан бактерияға қарсы дәрілік препарат жасауға ондаған жыл жібереді. Оған Говард У. Флори мен Эрнст Чейн көмектеседі.

антибиотиктер

«Антибиотик» сөзі тура мағынасында «өмірге қарсы» деген мағынаны береді. Бұл жерде микроағзалардың өміріне қауіптілігі айтылып тұр. Қазіргі таңда антибиотиктердің бактерияларға, вирустарға, саңырауқұлақтарға, паразиттерге қарсы түрлері көп. Ең көп тарағаны — бактерияларға қарсы түрі. Ол бактериялардың көбеюін тоқтатып, ағзаның күресуіне көмек берсе, кейбіреуін түбегейлі жояды.

Алайда, бактериялардың антибиотиктерге қарсы тұра алатын деңгейге жететінін ғалымдар сол кезден-ақ білген. Флеминг пенициллинді қаншалықты көп қолданған сайын бактериялардың да соншалықты дамып, бейімделе түсетінінен қорыққан еді. Ғалымның бұл қорқынышы расталды. 1940 жылы стафилкокк бактериясының антибиотикке қарсы тұра алатын түрі табылды. 1945 жылы Флеминг: «Пеницилинмен емдеуге салғырт қарайтын адам антибиотик көзін жоя алмайтын инфекциядан қайтыс болған адамның алдында моральді тұрғыда жауапты. Бұл қасіреттен құтылуға болады деп ойлаймын» ,- деген еді.

Антибиотиктер ойлап табылмай тұрып инфекциялармен қалай күрескен?

1) ХХ ғасырдың басында күн сәулесі мен ультракүлгін шамдар пайдаланылды. Ультракүлгін сәуле адам жасушаларын өлтіреді. Сол себепті дәрігерлер оларды бактериялардың да көзін жоя алатын шығар деп сеніп, ауруларды күн көзіне немесе ультракүлгін сәулелі шамның астына жатқызатын болған.

2) Бактериофагтар. Шығыс Еуропада ауруларды емдеуге бактериофаг деп аталатын вирусты қолданды. Олар антибиотик сияқты кейбір бактерияларды өлтіреді. Ол үшін бактериофагты ағзаға енгізіп, жараға жағатын еді. Ғалымдар бактериофагтарды Екінші Дүниежүзілік соғыс кезінде қатты зерттеді. Себебі, ол уақытта АҚШ пен Батыс Еуропадан препарат әкелу мүмкін емес еді.

3) ХІХ ғасырдың соңында Эмиль Беринг сарысу арқылы емдеу тәсілін ойлап тауып, Нобель сыйлығын алды. Беринг өнертабысы бактерияларды тауып, көзін жоятын антиденелер мен ақуыздардан тұрады. Ол адам ағзасында пайда болып, бактериялармен күресуі үшін ғалымдар ауру жылқылар мен өзге де жануарлардың қанынан алынған антиденелерді адамға енгізді.

антибиотик пенициллин

Флемингтің ескертуі бүгінгі дәрігерлердің басты мәселесіне айналған. Адамзат баласы пенициллин ойлап табылған кезден бастап эволюциямен жарысқа түсті: бактериялар бейімделіп үлгергенше, антибиотиктердің жаңа түрін ойлап табу керек. Мысалы, тетрациклин антибиотигі 1950 жылы шығарылса, бактериялардың оған қарсы тұра алатын түрі 1959 жылы табылды. Метрициллин — 1960 жылы, оны жеңе алатын бактериялар — 1962 жылы; Ванкомицин — 1972 жылы, бактериясы — 1988 жылы; Даптомицин — 2003 жылы табылса, 2004 жылы бактерияларға ол әсер ете алмайтын болды. Бұның себебі — бактериялардың өте тез, әр 20 миунт сайын көбейіп, жылдам бейімделуінде. Бұл — біз антибиотиктерді жиі қолданған сайын, бактериялар да оған тез бейімделеді деген сөз.

1974 жылы стафилококк бактериясының метицилин антибиотигіне қарсы тұра алатын түрі табылғанда ғалымдарды үрей билеген еді. Себебі АҚШ-тағы стафилококк жұқтырған адамдардың 2%-ын метициллинмен емдеу нәтиже берген жоқ. Бұл көрсеткіш 1995 жылы — 22%, 2007 жылы 63%-ды құрады.

Енді антибиотиктер өндірісі тығырыққа тіреліп отыр. Адамдар оларды жиі пайдаланады, алайда олардың жаңа түрлері ойлап табылмағанына 25 жыл болған. Бір антибиотик жасап шығару үшін 1 миллион доллар қаражат керек, фармацевтикалық компаниялар үшін бұл тиімсіз. Ал, бактриялар әлі де даму үстінде…

2009 жылы Нью-Йорктегі Киелі Винсент ауруханасына Klebsiella pneumoniae бактериясын жұқтырған адам түсіп, 14 күннен кейін қайтыс болған. Себебі, бактерия барлық антибиотиктерге қарсы тұра алатын болып шыққан. Осыған байланысты ұлыбританиялық ғалымдар мәміле жасады: егер жағдай осылай жалғаса беретін болса, 2050 жылы антибиотиктерге қарсы тұра алатын бактериялардан жылына 10 миллион адам көз жұматын болады.

Ең өкініштісі, бұған адамдарыдң өзі кінәлі. Қандай ауру болса да антибиотиктерді қолдана береді. Қазақстан дәріханаларындағы антикбиотиктер 2016 жылдың 1 қаңтарына дейін дәрігердің нұсқаулығынсыз сатылып келді. Қазір де дәріханалардан өзге ашық базарларда ешбір нұсқаулықсыз сатыла береді. Ресейде, Ұлыбританияда, АҚШ-та да осы жағдай.

Антибиотиктерге бейімделген бактериялар адамға көп жағдайда жан-жануардың еті арқылы жұғады. АҚШ-тағы антибиотик өндірісінің 80%-ы адамдарға емес, жануарларға арнап, оларды өсіру, бордақылау үшін шығарылады. Нәтижесінде антибиотикпен семірген мал етіндегі бактериялар адам ағзасына түседі. Бұндай ақпарат соңғы рет Қытайда шыққан еді. Онда колистин антибиотигіне бейімделген бактерия табылған болатын. Колистин —  басқа препараттар әсер етпейтін адамды емдеуге арналған «соңғы мүмкіндік» ретінде қолданылатын антибиотик. Ғалымдардың айтуынша, бактериялардың оған тез бейімделуіне антибиотикті шошқа шаруашылығында пайдалану әсер еткен.

Антибиотиктерді қайда қолданып жүрміз?

1) Кез келген хирургиялық ота антибиотиксіз өтпейді. Әсіресе, жүрек, бүйрек, өкпе ауыстырған адамдар иммунитетін қалыпты жағдайда ұстап тұру үшін антибиотиктерді жиі пайдаланады.

2) Фермерлер өсімдік және мал шаруашылығында қолданады. Азияда балықтар мен ас шаяндарын өсіруде оларды судағы бактериялардан қорғау үшін пайдаланылады.

3) Адамдар басы ауырса да антибиотик ішуді әдетке айналдырған. Еіліміздегі Денсаулық сақтауды дамыту Республикалық орталығының мәліметінше, әрбір төртінші қазақстандық антибиотиктерді дәрігердің рұқсатынсыз қабылдайды.

Енді не болады?

Антибиотик

1) Бактерияларды жою үшін CRISPR технологиясы қолданылуы мүмкін. Технология бактериялардың қорғаныс жүйесін өздеріне қарсы қою арқылы жоюға мүмкіндік береді.

2) Жыртқыш бактериялар. Топырақта болатын Bdellovibrio bacteriovorus бактериясы өзге бактериялармен қоректенеді. Осылар арқылы ауру тудыратын инфекциялардың көзін жою медицина тәжірибесінде бар.

3) Микробтарға қарсы пептидтерді де антибиотик ретінде қолдануға болады. Ғалымдардың  айтуынша, амфибия мен рептилилерде болатын пептидтер инфекциялармен белсенді күреседі. Енді солардан дәрілік заттар жасауды қарастырылып отыр.

Жоғарыдағы деректерге сүйене келе, антибиотиктерді қолдану неғұрлым сақ болуды талап ететін түсінеміз. Яғни, ауырғанда дәрігерге қаралмастан өз бетіңізше антибиотик қабылдай беруге болмайды. АҚШ, Қытай, Ұлыбритания ғалымдарының айтуынша, бір адамға антибактериалды препараттардың жылына 9 дозасын ғана қабылдауға болады.