Қазақстанды аралайтын халықаралық экспедиция жолға шығады

Жобаның мақсаты — инфрақұрылымды жақсарту бойынша ұсыныстар әзірлеу, жаңа трансшекаралық бағыттарды анықтау. Сонымен бірге экспедиция шетелдік қонақтарды Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан халқының мәдениетімен таныстырып, киелі жерлерін көрсетеді.

Экспедиция құрамында журналистер, фотографтар, телеарналардың түсіру тобы, тревел-блогерлер мен туроператорлар бар. Экспедиция 13 күнге созылып, мына бағыттар бойынша жүреді: Алматы — Үлкен Алматы көлі — Есік шатқал — Шарын каньоны — Көлсай — Қаракөл — Каджи-Сай — Токмок — Суусамыр — Талас — Тараз — Ақмешіт үңгірі — Сауран — Түркістан — Арыстан баб кесенесі — Отырар — Шымкент — Ташкент — Самарқанд — Қазығұрт — Мерке — Таңбалы — Алматы.

Шара қорытындысы бойынша болашақта турларды дамыту үшін маңызды және қызық орындар анықталады. Кейін бұл ақпарат өзіміздің және Қырғызстан мен Өзбекстанның туркомпанияларына ұсынылады.

Экспедицияны Мәдениет және спорт министрлігі туризм Индустриясы комитетінің тапсырысы бойынша «Kazakh Tourism ҰҚ» АҚ ұйымдастырып отыр.