Басты бетЖаңалықтарЕсірткі сатумен...

Есірткі сатумен айналысқан Xoxoclub.biz сайтының әкімшісі сотталды

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті синтетика есірткісінің заңсыз айналымының жолын кесті. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.

ҚР ҰҚК Қостанай облысы бойынша департаменті Xoxoclub.biz интернет-дүкені арқылы психотроп заттарды заңсыз сатуға қатысы бар ҚР азаматы Д.Яковенконың (1985 жылы туған) іс-әрекетін анықтап, жолын кесті, — деп хабарлады ҰҚК баспасөз қызметі.

Комитет мамандарының мәліметінше, Қостанай облысы аумағында синтетика есірткісін сатқан Xoxoclub.biz сайты былтыр анықталған. Мамандар жедел іздестіру жүргізіп, ресурстың әкімшісі Ресейден Қазақстанға психотроп заттар әкелудің халықаралық арнасын ұйымдастырғанына көз жеткізді.

ҰҚК қызметкерлері жалған тұтынушы ретінде Xoxoclub.biz сайтынан пировалерон затының 0,5 грамм аналогын сатып алады. Содан кейін сайт әкімшісінің тұрғылықты мекенжайында тергеу амалдарын жүргізіп, пировалерон тәрізді заттың 5 грамы салынған 5 Zip-пакетті тауып, тәркіледі.

Жауап алуда Д.Яковенко өзінің Ресей Федерациясынан Қазақстан Республикасына синтетика есірткісін әкелу арнасын ұйымдастыруға және оларды өңірде Xoxoclub.biz онлайн-дүкені арқылы сатуға қатысы барын растады, — деп хабарлады ҰҚК баспасөз қызметі.

Жуырда Қостанайдың №2 соты бұл азаматты ҚР ҚК 287-бабының 3-бөлігі, 296-бабының 1-бөлігі және 297-бабының 1-бөлігі бойынша айыпты деп танып, қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа деңгейдегі мекемесінде 5 жыл бас бостандығынан айыруға үкім шығарды.