Нұр-Сұлтан әкімдігі инвесторлармен қалай жұмыс істеп жатыр?

Нұр-Сұлтан әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, әкімдікте өткен баспасөз мәслихатында инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Ерлан Бекмұрзаев пен статистика департаментінің басшысы Жорабек Дәуренов астанаға инвесторлар тарту мен олардың қызметі туралы сенімді дерек жинау жұмысы туралы баяндады.

Спикерлердің айтуынша, инвесторлармен барлық мәселе бойынша жұмыс істеумен, оларды тартумен және инвестиция жобаларын «бір терезе» қағидаты бойынша жүргізумен AstanaInvest инвестицияларды дамыту орталығы айналысады.

Қалаға инвестиция тартудың негізгі құралдарының бірі — «Астана — жаңа қала» және «Астана-Технополис» арнайы экономикалық аймақтары. Олар әлемде инвестиция ағынын ынталандыру құралы ретінде пайдаланылатын «еркін экономикалық аймақтар» механизмімен жұмыс істейді.

Тұрғындарға сенімді әрі сапалы статистика ақпаратын мемлекеттік статистика органдары береді. Сондықтан алдағы жұмыс жоспарын нақтылау мақсатында бизнес-инвесторлар өз қызметі туралы объектив әрі шынайы мәлімет ұсынуы керек. Нақты емес есеп ұсынған немесе мүлдем ұсынбаған жеке тұлғаларға 10 АЕК, лауазымды адамдарға, коммерциялық емес ұйымдарға, шағын бизнес субъектілеріне 14 АЕК, орташа кәсіпкерлік субъектілеріне 20 АЕК, ірі бизнес субъектілеріне 120 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Мұндай жағдай қайталанар болса, айыппұл мөлшері еселене түседі.

Нұр-Сұлтанның статистика департаменті 2019 жылдың бірінші жартыжылдығының өзінде субъектілерге 4 989 400 теңгеге көлемінде айыппұл салу туралы 236 хаттама толтырды (оның ішінде 2 ірі заңды тұлғаға айыппұл салынды).