Алмазбек Атамбаевқа тағы екі дерек бойынша айып тағылды

Қырғызстанның бұрынғы Президенті Алмазбек Атамбаевқа тағы екі эпизод бойынша айып тағылды. Бұл туралы 24.kg агенттігі оның адвокаты мен құқық қорғау органдарына сілтеме жасап хабарлады.

Адвокат Сергей Слесаревтің хабарлауынша, елдің Әскери прокуратурасы Алмазбек Атамбаевқа Бішкек жылу электр орталығын жаңғырту мен «Форум» ғимаратын жекеменшікке алу ісіне қатысты екі айып тағып отыр.

Алмазбек Атамбаев тергеуге көмектесуден және өзіне қатысты қылмыстық іс бойынша қандай да бір құжатқа қол қоюдан бас тартып отыр.

Бұған дейін Алмазбек Атамбаевқа қатысты аса ауыр қылмыстар — құқық қорғау органдарына күш қолдану, кісі өлтіру, кепілге алу, жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру , мемлекеттік төңкеріс жасау баптары бойынша айып тағылғаны хабарланған еді. Ал оның алдында Ішкі істер министрлігі Алмазбек Атамбаевты ұстауға оның «сотталған Азиз Батукаевты заңсыз босатып, сыбайлас жемқорлыққа барғаны» себеп деп мәлімдеген.

Еске салайық, 7 тамыз күні Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің арнайы жасағы Алмазбек Атамбаевтың Қой-Таш ауылындағы резиденциясына екі рет басып кірмек болған еді. Екі операция да сәтсіз аяқталды. Атамбаевтың жақтастары арнайы жасаққа тойтарыс берді.

8 тамыз күні Алмазбек Атамбаевты ұстау арнайы операциясын Ішкі істер министрлігінің арнайы жасағы жүргізді. Оқиға орнына 3 мыңға жуық милиция қызметкері мен арнайы техника келді. 2 сағатқа созылған текетірестен соң Алмазбек Атамбаев милицияға берілуге келісті.

Екі күн ішіндегі тәртіпсіздік кезінде барлығы 136 адам зардап шекті. Арнайы жасақтың бір өкілі қаза тапты.